Accessibility links

Украинада үкімет ауысып, жаңа премьер тағайындалды


Жаңа премьер-министр Алексей Гончарук Жоғарғы радада сөйлеп тұр. Киев, 29 тамыз 2019 жыл.
Жаңа премьер-министр Алексей Гончарук Жоғарғы радада сөйлеп тұр. Киев, 29 тамыз 2019 жыл.

29 тамызда Украина Жоғарғы радасы елдің жаңа премьер-министрін таңдады. Оның алдында бірнеше сағат бұрын экс-премьер Владимир Гройсманның министрлер кабинеті отставкаға кеткен еді. 290 депутат президент Владимир Зеленский мен оның парламенттегі "Слуга народа" фракциясы ұсынған Алексей Гончарукті қолдап, премьер-министр етіп тағайындады. Қазіргі президенттің "Слуга народа" партиясы парламенттегі басым орынға ие.

35 жаста Гончаруктың мамандығы - заңгер. Бұған дейін президент кеңсесі жетекшісінің орынбасары болып келген. Депутаттар дауыс берген соң сөз алған Гончарук экономикалық өсім мен жемқорлыққа қарсы күреске айрықша көңіл бөлетінін айтты.

Украина парламенті үкімет басшысынан бөлек Жоғарғы рада спикерін де сайлады. Бүгіннен бастап парламент спикері "Слуга народа" партиясының мүшесі Дмитрий Разумков болады. Оның екі орынбасарының бірі - өзімен партиялас Руслан Стефанчук, екіншісі - оппозициялық "Батькивщина" партиясының мүшесі Алена Кондратюк.

Жоғарғы рада депутаттарының алдында президент Владимир Зеленский сөйледі. Ол жаңа парламентке халық көп сенім артып отырғанын айтып, "егер үміт ақталмаса, бір жылдан соң раданы таратып жіберуге дайынмын" деді.

Жаңа жасақталған Жоғарғы раданың 9-шақырылымы депутаттарының алғашқы отырысы 29 тамыз таңертең басталды. 424 депутат ант берген соң отырыста үзіліс жарияланып, түстен кейін қайта жалғасты. Радада барлығы 450 орын бар. Қалған орындар Ресей аннексиялап алған Қырым мен Украинаның бақылауынан шығып кеткен Донбасс аймағынан сайлануы тиіс депуаттарға тиесілі. Бұл өңірлерде сайлау өтпегендіктен рададағы ол орындар әзірге бос тұр.

Украинада парламент сайлауы 21 шілдеде өткен. Президент Владимир Зеленскийдің "Слуга народа" партиясы 43 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен. 254 мандатқа ие. "Оппозиционная платформа – За жизнь!" партиясы - 13%, Юлия Тимошенко басқаратын "Батькивщина" партиясы - 8,18%, бұрынғы президент Петр Порошенконың "Европейская солидарность" партиясы 8,1 %дауыс алған. Сайлаушылардың 6 пайызы жақтаған рок әнші Святослава Вакарчуктің "Голос" партиясына да парламенттен орын тиген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG