Accessibility links

Ресей мен Украина арасында тұтқындар алмасу бойынша келіссөз жалғасып жатыр


Қырымда ұсталған украиналық режиссер Олег Сенцов.
Қырымда ұсталған украиналық режиссер Олег Сенцов.

Ресей мен Украина арасында тұтқындар алмасу келесі аптаға шегерілді. Бұл ақпаратты Азаттықтың Украин қызметі хабарлады.

30 тамызға жоспарланған тұтқындар алмасу процесінің кейінге қалғанын Украинаның қауіпсіздік қызметінің баспасөз хатшысы Елена Гитлянская мәлімдеді.

Бұған дейін Украинада сотталған ресейліктердің адвокаты Валентин Рыбин 3 қыркүйекте екі ел тұтқындармен өзара алмасуы мүмкін деп мәлімдеген.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский кеңсесі тұтқындар алмасу бойынша келіссөздің әлі бітпегенін хабарлады.

"Тұтқындалған азаматтарды бостандыққа шығару келісімі әлі жалғасып жатыр. Бұл процесс аяқталды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Көптеген "деректерге" сүйеніп жазылған жаңалықтардан туындаған "ақпараттық хаосқа" алғаш рет кезігіп отырған жоқпыз" деді Зеленский кеңсесінің өкілі.

Екі ел арасында тұтқындар алмасу бойынша келіссөздің әлі аяқталмағанын Украинаның қауіпсіздік қызметі де растады.

"Тұтқындар алмасу бойынша күрделі келіссөз жалғасып жатыр. Шыдаңыздар, аз қалды деп үміттенемін" деді Украинаның қауіпсіздік қызметінің баспасөз хатшысы Елена Гитлянская.

Мәскеудегі дереккөзге сүйенген "Интерфакс" агенттігі де Ресей мен Украинаның тұтқындар алмасуды бастамағанын жазды.

Ресей мен Украинаның бір-біріне тұтқындарды жібере бастағаны туралы ақпарат Украинаның бас прокуроры Руслан Рябошапканың Facebook-тағы жазбасынан кейін тараған. Бас прокурор жоғарғы рада қызметкерінің "екі ел тұтқындармен алмаса бастады, режиссер Олег Сенцов (Ресейдің Қырымды жаулап алуына қарсы шыққан 2014 жылы Қырымда ұсталған украиналық режиссер) пен өткен жылы Ресей әскерилері ұстаған украиналық теңізшілер отанына оралатын болды" деген жазбасын қайтара басқан еді.

Ресейлік ақпарат құралдары 29 тамызда украиналық режиссер Олег Сенцовты шалғайдағы түрмеден Мәскеудегі мекемеге әкелгені туралы хабар тарата бастаған соң бұл "сыбыс" үдеген.

Бұған дейін "Коммерсант" газеті Зеленскийге жақын құпия дереккөзіне сүйене отырып, екі ел тұтқындармен тамыз айының аяғында алмасуы мүмкін екенін, Киевке тапсырылуы мүмкін украиналықтар арасында 2018 жылы қараша айында Керчь бұғазында ұсталған украиналық теңізшілердің кейбірі ғана болуы мүмкін екенін жазған.

Ресей билігі Украинада нақты кімдердің босатылуы мүмкін екенін айтпады. Болжам бойынша, олардың бірі Украинадағы РИА Новости агенттігінің бас редакторы Кирилл Вышинский болуы мүмкін. Жақында Украина соты оны босатқан.

Түрлі дерек бойынша, Мәскеу мен Киев өзара 33-35 тұтқынмен алмасуды көздеп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG