Пекин экстрадиция туралы заңды кері қайтару туралы Гонконг билігінің өтінішін қабылдамады. Бұл ақпаратты дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі хабарлады.
Гонконгта үш айдан бері жаппай наразылық шаралары жалғасып келеді. Бастапқыда наразылыққа қылмыстық іс бойынша айыпталушыларды Қытайға экстрадициялауға мүмкіндік беретін заң жобасының талқылануы себеп болған. Автономия басшылары шерушілердің талаптарын орындап, құжатты қараудан бас тартқан. Алайда Гонконг тұрғындары наразылық шараларын жалғастыра берді. Олар аралдың Пекиннен тәуелсіз саясат жүргізуін, қала әкімшілігінің жетекшісі Кэрри Лэмнің отставкаға кетуін талап етті.
Жақында Гонконг полициясы үш оппозициялық белсендіні ұстады. Олардың арасында белсенді Джошуа Вонг та болған. Кейінірек полиция ұсталғандарды босатты.
Reuters дерегінше, олар рұқсат етілмеген митингі ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Белсенділер мұны жоққа шығарады.
Наразылық шаралары басталғалы бері жалпы саны 800 адам ұсталған. Полиция шерушілерді тарату үшін күш қолданып, наразыларға көзден жас ағызатын газ шашты. Тамыз айының аяғында полиция бірінші рет шерушілерге қару қолданды.
ПІКІРЛЕР