Accessibility links

Мәскеудегі кезекті қарсылық акциясы алдында полиция метроны тексеріп, белсенділерді ұстады


Мәскеудегі наразылық. 10 тамыз 2019 жыл.
Мәскеудегі наразылық. 10 тамыз 2019 жыл.

31 тамызда Мәскеуде кезекті қарсылық акциясы өтеді. Оған қатысушылар бұған дейін наразылыққа шыққан азаматтар үстінен қозғалған қылмыстық істі жабуды, қалалық дума сайлауына тәуелсіз кандидаттарды тіркеуді талап етеді. Бұған қоса, азаматтар митинг кезінде полицияның күш қолданбауын да талап етпек.

"Новая газета" басылымының жазуынша, сенбі күні полицейлер таңертеңнен бастап акция орнына жақын маңдағы "Чистые пруды" метро станциясындағы адамдарды тексере бастаған. Станция жанына автозактарды да әкеп қойған.

Тіркелмеген "Другая Россия" партиясы Мәскеудегі аймақтық қауіпсіздік департаментінің алдына "Жиын өткізу еркіндігі шектелмесін!" ("Свободу собраний всегда и везде!") деген жазуы бар баннерді ілмек болған екі белсендінің ұсталғанын хабарлады.

Бұған дейін Мәскеу мэриясы бүгінгі акцияны өткізуге рұқсат бермеген. Билік өкілдері бұл күні Сахаров даңғылында "Білім күніне" арналған "PRO лето" фестивалі өтетінін айтқан. Ал тәуелсіз кандидаттардың бірі Любовь Соболь азаматтарды саяси қудалауға қарсы рұқсат етілмеген шеруге шығуға шақырған.

"Настоящее время" телеарнасы тікелей эфирде хабар таратып жатыр:

Мәскеуде бір жарым айдан бері наразылық шаралары жалғасып келеді. Наразылыққа Мәскеу қалалық сайлау комиссиясының қалалық дума сайлауына бірнеше тәуелсіз кандидатты тіркемей қоюы себеп болған. Сайлау комиссиясының өкілдері олар жинаған бірнеше мың қолды жарамсыз деп таныса, кандидаттар мұның саяси астары барын айтқан.

Мәскеу орталығында 27 шілде және 3 тамызда өткен бейбіт шерулер кезінде полиция және Росгвардия жасақтары шерушілерді күшпен таратты. 27 шілдеде - 1300-ден астам адам, 3 тамызда мыңнан астам адам ұсталған. Наразылық кезінде ұсталғандардың көбін полицейлер мен арнайы жасақ өкілдері ұрып-соғып, күш қолданған.

Оқи отырыңыз: Митингіден кейін қылмыстық іс қозғап, белсенділер үйін тінтіді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG