Accessibility links

Мәскеуде наразылар саяси тұтқындарды босатып, сайлаудың әділ өтуін талап етті


Мәскеудегі наразылық. Тәуелсіз кандидат Любовь Соболь (ортасында) жақтастары арасында. 31 тамыз 2019 жыл.

Мәскеуде қалалық дума сайлауының әділ өтуін талап еткен қарсылық акциясы өтіп жатыр. Оған қатысушылар саяси тұтқындарды босатуды, митингілерде күш қолданбауды да талап етті.

31 тамызда түстен кейін Грибоедов ескерткіші маңына бірнеше жүз адам жиналды. Олар жергілікті уақыт бойынша 14:00 шамасында алдын ала белгіленген бағыт бойынша қозғала бастады.

Мәскеу билігі бүгінгі акцияны өткізуге рұқсат бермеген. Жұртты наразылық шарасына оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың әріптесі Любовь Соболь шақырған. Сенбілік акцияға ол да қатысып жатыр.

Наразылық шарасына тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әпкелі-сіңлілі Хачатурянды қолдайтын белсенділер де қосылған. Оларға да Мәскеу мэриясы "апалы-сіңлілер маршын" өткізуге рұқсат бермеген.

Акция басталмай тұрып Пушкин мен Грибоедов ескерткіштерінің жанында жалғыз адамдық пикеттер де өтті. Белсенділер "жаппай наразылық шарасын ұйымдастырды" және "билік өкілдеріне шабуыл жасады" деп айыпталған азаматтарды босатуды талап етті.

Бұл акциямен қатар Сахаров даңғылында қалалық биліктің ұйымдастыруымен "PRO Лето" фестивалі де өтіп жатыр. "Дождь" телеарнасының хабарлауынша, жұрт оған топ-топ болып жиналған. Олардың кейбірі басшылар мәжбүрлегендіктен шараға амалсыз келгенін айтып, шағымданған.

"Медиазона" порталының жазуынша, "Красные ворота" метро станциясы маңында "фестивальға жастарды жинап жүрген" адам портал тілшілеріне күш көрсетуге тырысқан.

Мәскеу қалалық дума сайлауына тәуелсіз кандидаттарды тіркеуді талап еткен наразылық шаралары бір жарым айдан бері жалғасып келеді. Осы уақыт аралығында шамамен үш мыңға жуық адам ұсталған. 27 шілде күнгі акциядан кейін Ресейдің тергеу комитеті жаппай наразылық шарасына байланысты қылмыстық іс қозғап, 14 адамға айып тақты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG