2 қыркүйекке қараған түні Алматы қаласындағы Сүйінбай және Баянауыл көшелерінің қиылысында екі жеңіл автокөлік қақтығысып, салдарынан екі адам қазаға ұшырады. Бұл туралы жергілікті полиция қызметі хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, көше қиылысында сол жаққа бұрылып жатқан Subaru Legacy көлігін қарсы жақтан қатты жылдамдықпен келіп ұрған Mitsubishi Pajero көшедегі бетон бағанға соғылған. Апат салдарынан осы көлікте отырған екі жолаушы сол жерде қайтыс болған. Көлік жүргізушісі жарақат алған.
Полиция оқыс оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.
Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің ресми дерегі бойынша, жыл сайын Қазақстанда он мыңға жуық адам жол апатынан мерт болады.
Сарапшылардың айтуынша, жол апатына көбіне жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы және жол сапасы себеп болады. Еуропа одағының статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп болатын елдердің бестігіне енеді.
ПІКІРЛЕР