Accessibility links

"Қатарласын өлтірді" деп күдікке ілінген оқушы сотының алдын ала тыңдауы өтті


Шалқарда "қатарласын өлтірді" деп күдікке ілінген оқушы сотының алдын ала тыңдауы. Ақтөбе, 2 қыркүйек 2019 жыл.
Шалқарда "қатарласын өлтірді" деп күдікке ілінген оқушы сотының алдын ала тыңдауы. Ақтөбе, 2 қыркүйек 2019 жыл.

2 қыркүйекте Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шалқардағы мұз айданында қатарласын өлтірді деп айыпталған оқушының ісін алдын ала тыңдауы өтті.

2 қыркүйек күнгі алдын ала сот тыңдауы кезінде прокурор Айнұр Досмырзаева айыптау актісін оқыды. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, «2019 жылы 26 қаңтарда мұз айдынында 15-20 оқушы жанжалдасып қалған. Төбелес кезінде оқушылардың бірі Дәулетиярды пышақтаған». Кейін бұл іс бойынша Шалқардағы мектептердің бірінде оқитын 16 жастағы оқушы ұсталған.

Айыпталушының анасы «сотталушылар саны анағұрлым көп болуы керек еді» деп санайды. Айыпталушының шешесінің сөзінше, жасөспірімдердің топтасқан төбелесі кезінде мұз айдынында ең кемі 20 бала болған. Жәбірленуші тарап яғни, марқұм Мирасбек Дәулетиярдың жақындары да «тергеудің нашарлығынан басқа күдіктілер қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетті» деп отыр.

Прокурордың айтуынша, мұз айдынында болған өзге жасөспірімдердің бұл іске қатысы бары «тергеу кезінде анықталмаған». Сотталушының шешесі айыптау актісімен келіспейді.

- Баламның қалтасында пышақ болмаған. Пышақ мұз айдынында төбелескен балалардың бірінің қалтасынан түсіп қалған. Бір топ бала шекесіне тапанша тақап, қысым жасағаннан кейін ұлым жерде жатқан пышақты алып, қорғанған. Қысым жасалмаса, 16 жастағы бала қараптан-қарап біреуге қиянат жасамайды ғой. Бірақ тергеу балама жасалған қысымды ескермей отыр, - дейді ол.

Марқұм Мирасбек Дәулетиярдың әкесінің айтуынша, сотталушы тараптың айтып отырғаны – ойыншық тапанша. Мемлекеттік айыптаушы Айнұр Досмырзаева да қылмыстық істе тапаншаның бар екенін растады. Бірақ прокурор Азаттықтың «тапаншаның маркасы қандай?», «ойыншық тапанша ма?» деген сауалдарына жауап беруден бас тартты.

Сотталушы 2 қыркүйек күні алқа билерден бас тартып, істі кәсіби судьяның қарауын сұрады. Осыдан соң судья кеңесу бөлмесіне кетіп, кейін оралған соң негізгі сот отырысы 16 қыркүйекте болатынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG