Accessibility links

Сайлау кезінде ұсталған нұр-сұлтандық үш белсендінің ісі қайта қаралмақ


"Митингіге қатыспағандарын" дәлелдегісі келетін үш белсенді - Әйгерім Мұхамеджанова, Әлия Ізбасарова мен Жанбота Әлжанова, Нұр-Сұлтан, 11 шілде 2019 жыл.
"Митингіге қатыспағандарын" дәлелдегісі келетін үш белсенді - Әйгерім Мұхамеджанова, Әлия Ізбасарова мен Жанбота Әлжанова, Нұр-Сұлтан, 11 шілде 2019 жыл.

Бүгін, 2 қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "9 маусымда билікке қарсы наразылық шарасына қатысты" деп айыппұлмен жазаланған үш белсендінің шағымын жаңа мәліметтерге байланысты қайта қарап, бірінші сот шешімінің күшін жойды.

Әлия Ізбасарова, Әйгерім Мұхамеджанова мен Жанбота Әлжанова 9 маусымда кешкісін Байқоңыр аудандық полиция бөлімінде ұсталып, "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен әрқайсы 50 500 мың теңге айыппұлмен (130 доллар) жазалаған. Үшеуінің "9 маусымда наразылық шарасына қатыспағанын" айтып қарсы түсірген шағымдары 16 шілдеде қаралғанымен, Нұр-Сұлтан апелляциялық соты арыздарын қанағаттандырмаған еді. Судья Әсет Райымбаев бірінші соттың шешімін өзгеріссіз қалдырып, істе "жаңа деректер анықталғандықтан" оларға бірінші сот инстанциясына қайта шағымдануға кеңес берген.

- Сот оларды "бейбіт митингке қатысты" деп айыптап шығарған бірінші сот қаулысын бұзып, өтінішімізді қанағаттандырды. Сот қаулысы 7 қыркүйекте күшіне енген соң жаңа деректерге байланысты қайта сот процесі басталады, - деді Азаттыққа олардың адвокаты Василий Садықов.

Адвокаттың сөзінше, Әлия Ізбасароваға қатысты сот шешімі ертең жарияланады. Оның да өтінішінің қанағаттандырылғаны бүгін белгілі болғанымен Ізбасарованың өзі сотта болмағандықтан шешімді жариялау ертеңге қалды. Белсенді Әлжанова өзінің Facebook парақшасында соттың бұл шешімін "жоғарыдан түскен тапсырма" деп санайтынын жазған.

Полиция Әлжанова, Ізбасарова мен Мұхамеджанованы 9 маусым күні кешке "Байқоңыр" полиция бөлімінің алдынан ұстап әкеткен. Олар наразылық кезінде ұсталғандарға ас-су апарып беру үшін полиция бөлімшесіне барғандарын, бірақ ешқандай митингіге қатыспағандарын айтады. Үш қыз Нұр-Сұлтаннан 70 шақырымдағы Шортанды ауылына апарып, әкімшілік жазаға тартылған еді.

Үш азамат белсенді ретінде биыл маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауынан кейін танымала бастады. Олар бірігіп "Қаhарман" адам құқығын қорғайтын азаматтық қозғалысының құрған. Мамыр-маусым айларында Қазақстанда билікке қарсылық күшейіп, 9 маусым кезектен тыс президент сайлауы өткен күні полиция билікке наразылық білдіріп митингке шыққан мыңдаған адамды ұстады. Халық билік жүйесін өзгертуді, әділ сайлауға жол ашуды талап еткен.

Президент сайлауында билікке қарсылық пен мыңдаған адамның сайлау әділетсіздігі жайлы наразылығына қарамастан Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылды. Тоқаевты кандидат ретінде елді отыз жылдай басқарып, наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған. Халықаралық бақылаушылар сайлау кезінде заң бұзу фактілері болғанын айтып, полицияның наразылыққа шыққандарды жаппай ұстауын сынады. Жергілікті бақылаушылар да сайлау учаскелерінде бюллетеньдерді топтап тастау фактілері мен алдын ала белгіленген бюллетеньдер жайлы айтса да, сот олардың арызын қанағаттандырмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG