Accessibility links

АҚШ жағалауында саяхат кемесіндегі өрттен көп адам қаза болған


Жанып жатқан Conception кемесі маңында тұрған өрт сөндіру қызметкері. АҚШ, Санта-Круз аралы, 2 қыркүйек 2019 жыл.
Жанып жатқан Conception кемесі маңында тұрған өрт сөндіру қызметкері. АҚШ, Санта-Круз аралы, 2 қыркүйек 2019 жыл.

АҚШ-тың Калифорния штатында Conception саяхат кемесінде шыққан өрттің салдарынан кемінде жиырма адам қаза болған. Тағы 14 адам хабарсыз кеткен деп хабарлады Санта-Барбара округінің шерифі Билл Браун.

Санта-Круз аралының жағалауында тұрған Conception кемесінде 2 қыркүйекте таңсәріде өрт шыққан кезде жолаушылар астыңғы бөліктегі каюталарда ұйықтап жатқан. Кеме палубасында болған экипаждың бес мүшесі суға секіріп, ажалдан аман қалған. Кемеде барлығы 34 жолаушы болған.

Жағалауда тұрған кемеге өрт сөндірушілер тез келіп жеткенімен, кемеде жанармай мол болғандықтан өртті өшіру қиынға соққан. Қазір кеме 20 метрге жуық тереңде төңкерілген күйі жатыр деп хабарлады Билл Браун. Құтқарушылар кемеде болған басқа жолаушыларды іздеп жатыр.

Ұзындығы 23 метрге жететін Conception кемесі 1981 жылы жасалған. Өткен сенбі күні көрікті жерлерге саяхаттап шыққан кемеде дайвинг және теңізден балық аулауға әуес жолаушылар болған. Кеме бұған дейін Санта-Круз аралы жағалауында бірнеше мәрте аялдаған.

Калифорния штатынан сайланған АҚШ сенаторы демократ Дайан Файнстайн кеме палубасында болған экипаж мүшелері неліктен өзге жолаушыларды өрт шыққан кемеден алып шығуға жәрдемдеспегенін анықтау үшін тексеру жүргізуге шақырған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG