Accessibility links

Алматылықтар "Қытай экспансиясына" қарсы шыққан жаңаөзендіктерді қолдады


Алматыдағы акция. 4 қыркүйек 2019 жыл.
Алматыдағы акция. 4 қыркүйек 2019 жыл.

4 қыркүйекте отызға жуық адам Алматы қалалық әкімдігі алдына жиналып, Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы акция өткізген жаңаөзендіктерді қолдады. Олар елдің барған сайын Қытай өнімдеріне тәуелді болып бара жатқанын айтып, мемлекет тәуелсіздігіне алаңдап отырғанын жеткізді.

"Өзіміз ештеңе өндірмейміз. Қыс бойы Қытайдың көкөністерін тұтынамыз. Ол өнімдердің қалай өсірілгені белгісіз. Неге өзіміз өндірмейміз? Неге бізде ауру-сырқау көп? Бұл сұрақтарға кім жауап береді?" деді акцияға келгендердің бірі.

Өзін Асылбек Кеңесұлы деп таныстырған азамат "кеше билік 55 Қытай зауыты салынайын деп жатқан жоқ деп айтты. Бұл өтірік. Неге үйтіп халықты алдайды? Бұл зауыттар қандай кепілпен елге кіріп жатыр? Осыны айтсын" деді.

Тікелей эфирді көріңіз:

Шамамен жарты сағаттан соң әкімдіктің қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков наразы азаматтардың алдына шығып, ішке кіріп, мәселені "өркениетті түрде" талқылауға шақырды. Бірақ жиналғандар "әкімнің өзі халыққа келсін, мұндай маңызды мәселені іште талқылай алмаймыз" деп бас тартты. Кейінірек қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев шықты. Ол жиналғандарға мемлекеттің Қытаймен экономикалық қарым-қатынас орнатуының себебін түсіндіруге тырысты.

"Кез келген мемлекет технология, инвестиция тартуы керек. Біз бұл сала бойынша тек Қытаймен ғана емес, өзге мемлекеттермен де қарым-қатынас орнатып жатырмыз" деді әкімнің орынбасары.
Ал жиналған жұрт әкімнің сөзін бөліп, елде "Қытай зауыттарын салуға қарсы" екендерін жеткізді.

- Қандай супертехнология болмасын, бізге 55 Қытай зауытын салудың қажеті жоқ. Шетелдік офшорларда жасырын жатқан ақшаларды алып келсек, әр облыста тіпті он зауыт салуға жетеді, - деді азаматтардың бірі. Тұрғындар "Қытай экспансиясына жол бермейміз!" ("Нет китайской экспансии!") деп ұрандатты.

Сапарбек Тұяқбаев "55 Қытай зауытының салынып жатқаны рас, кейбір зауыттар жұмыс істеп те жатыр. Мысалы, Түркістан облысында түйе зауыты ашылған. Ол зауытта жергілікті тұрғындар жұмыс істейді, сырттан жұмыс күші әкелінбейді. Бұл зауыт Қазақстан заңымен жұмыс істейді" деп жұртты басуға тырысты. Ол да жұртты ішке кіріп, мәселені залда отырып талқылауға шақырды. Алайда жұрт бұған көнбеді.

3 қыркүйекте Жаңаөзеннің екі жүзден астам тұрғыны қаланың орталық алаңына жиналып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларын тоқтатуды талап еткен еді. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте де белсенділер «Қытай экспансиясына қарсы» акция өткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG