Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің алғашқы форумына Қазақстан бюджетінен 281 миллион 35 мың теңге (726 мың доллар) бөлінген. Бұл туралы мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілген. Тапсырыс беруші - Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Ұлттық кітап палатасы. Конкурсқа Қазақстан жазушылар одағы ғана қатысқан.
Қазақстан жазушылар одағының өкілі Ақберен Елгезек Азаттыққа 4-6 қыркүйек арасында өтетін форумға 281 миллион теңгенің бөлінгенін растады.
"Ешкім жасырып отырған жоқ. Мемлекеттік сатып алу бойынша ұтып алдық. Бұл форум - имидж шарасы емес. Азия елдерінен атақтары бар жазушылар келді. Қазақстаннан 200-ден астам ақын-жазушы шақырдық. Қазақстан әдебиетін әлемге таныту үшін ұйымдастырып жатырмыз. Ақша бөлінген соң қатысамыз. Әдебиетке салынған ақша қайтады" деді ол.
Қазақстан жазушылар одағының мәлімдеуінше, форумға Азияның 35 елінен 80-ге жуық жазушы қатысып жатыр. Олардың арасында Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары бар.
Жиынның ашылуына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Форум кезінде Қазақстан қаламгерлер жиынын үш жылда бір рет Азия елдерінің бірінде өткізіп тұруды, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының құрлықтық баламасын тағайындау ұсынбақ.
ПІКІРЛЕР