Accessibility links

Лам: Күдіктілерді Қытайға беру жайлы заң жобасын жою шешімін Пекин қолдады


Гонконг басшысы Кэрри Лам.
Гонконг басшысы Кэрри Лам.

Гонконг басшысы Кэрри Лам бірнеше айға жалғасқан наразылыққа себеп болған күдіктілерді Қытайға беру туралы заң жобасының жойылғанын мәлімдеді. 5 қыркүйекте мәлімдеме жасаған Лам қылмыстық іс бойынша айыпталғандарды Қытайға экстрадициялайтын заң жобасының жойылуын "биліктің ойын өзгертуі емес" деді.

Ламның сөзінше, Қытай билігі Гонконг басшысының шешімін қолдаған. Басылымдар алдында сөйлеген Лам "Пекин менің көзқарасыма құрметпен қарайды. Мені әуел бастан қолдап келеді" деді.

Бірақ Гонконгта наразылардың билікке талап қоюы әлі басылған жоқ. Студенттер университеттер маңында шеп құрып, наразылық кезінде ұсталған адамдарға қолдау көрсетпек. Олардың сөзінше, алдағы демалыс күндері бірнеше жерде, оның ішінде полиция мен ереуілшілер қақтығысып қалып жатқан әуежайда да акциялар жалғаса бермек.

Үш айдан астам уақыттан бері өтіп жатқан наразылық әуелі заң жобасына қарсылықтан туғанымен, уақыт өте белсенділер талабы түсті. Қазір олар Гонконг басшысын Пекин емес, қала тұрғындарының өзі сайлай алатындай құқық беруді, ұсталған наразыларды босатуды, толқу кезінде жұртты күшпен таратқан полицияның әрекетін тергеуді талап етеді.

Басылымдар жазуынша, Ламның заң жобасының күшін жою туралы 4 қыркүйектегі шешімі жүздеген мың наразы топты екіге бөлуі мүмкін. Гонконг басшысының шешімін құптағандар да, қалада күдіктілерді Қытайға экстрадициялау туралы заңнан бөлек мәселелер толып жатыр дейтіндер де бар.

Пекин наразылық акцияларын "терроризмге ұқсайды" деп сипаттап, "тәртіпсіздік пен қауіп Гонконгтан Қытайдың басқа аумақтарына өтіп кетсе, шұғыл шара қабылдайтынын" айтқан. Бірер апта бұрын Қытайдың Гонконг шекарасына жақын маңға әскер жібергені туралы хабар тараған.

Заң жобасының күші жойылғаны хабарланған соң China Daily басылымы 5 қыркүйекте "Гонконгтағы наразылардың зорлық-зомбылықты жалғастыруға енді еш сылтауы жоқ" деп жазды.

Наразылар "күдіктілер туралы заң қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгқа келгендер зардап шегеді" деп қауіптенген. Заң жобасын Қытай ұсынған.

Ұлыбритания Гонконгты 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ "бір ел – екі жүйе" принципімен жүреді. Гонконгтың өз заңы бар, елдегі азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады. Гонконг "қылмыскерлерді, я күдіктілерді экстрадициялау туралы" 20 елмен келісім жасасқан. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания бар. Ал Қытай мен Гонконг бұл келісімді 20 жылдан бері талқылап келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG