Accessibility links

"Древний Римдегі" төбелес ісі бойынша соттың уақыты белгіленді


"Древний Рим" ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өткен тергеу абақтысы. Қарағанды, 4 қыркүйек 2019 жыл.
"Древний Рим" ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өткен тергеу абақтысы. Қарағанды, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасындағы адам өліміне әкеп соққан жаппай төбелеске байланысты қозғалған істі сот 12 қыркүйекте қарай бастайды.

Сот отырысы 13 күдіктінің 12-сі отырған тергеу изоляторында (АК-159/1) өтеді. 4 қыркүйекте болған алдын ала тыңдауда айыпталушылардың адвокаттары істі прокуратураға қайтаруды сұраған. 6 қыркүйектегі сотта судья бұл шағымды қанағаттандырмады.

Бұл іс бойынша 13 адам "бұзақылық" және "адам өлтіру" баптарымен айыпталған. 12 адам қамауда отыр, бір адам кепілмен босатылған. Айыпталушылардың ең кішісі 19 жаста, ең үлкені 46 жаста. Сот кезінде айыпталушылардың бірі алдын ала тыңдау кезінде азапталғанын айтты. Судья бұл факт бойынша бөлек шешім шығарылып, тиісті органдар тексеріс жүргізетінін айтты.

Бұл іс бойынша жәбірленуші болып, мерт болған Рақымжан Жансейіттің әкесі танылған. Ол бұған дейін "ұлымды өлтіргендердің кейбірі бостандықта жүр" деген. Жәбірленуші тараптың сөзінде, Ресейге қашып кеткен күдіктілердің бірі Г. Нарек Қазақстанға экстрадицияланбаған. Олар алдын ала тыңдау кезінде Наректің экстрадициясына қатысты шағым түсірген жоқ.

Биыл 1 қаңтарға қараған түні Қарағанды қаласындағы "Древний Рим" мейрамханасы алдында екі топ арасында төбелес шығып, 23 жастағы Рақымжан Жансейіт пышақталып, мерт болған. Үш адам ауруханаға түскен.

Полиция болжамы бойынша, меймандарға мейрамхананың жабылатыны туралы айтылған ескертуден кейін бір-бірімен сөзге келісіп қалғандар есік алдына шығып төбелескен. Қантөгіспен аяқталған бұл оқиға қалада резонанс туғызып, Қазақстаннан тыс жерде де оқиғаға реакция танытқан. Оған төбелеске армян диаспорасы өкілдерінің қатысқаны жайлы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған ақпарат себеп болған. Қазақстан мен Армения биліктері бұл оқиғаны тұрмыстық жанжал деп атап, "оған ұлтаралық сипат беруге тырысудан бас тартуға" шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG