Accessibility links

АҚШ Ауғанстан бойынша арнайы өкілін шақыртып алды


АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзад (ортада) "Талибан" өкілдерімен келіссөз кезінде. Доха, Қатар, 8 шілде 2019 жыл.
АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзад (ортада) "Талибан" өкілдерімен келіссөз кезінде. Доха, Қатар, 8 шілде 2019 жыл.

АҚШ үкіметі Ауғанстанда "Талибан" қозғалысымен бейбіт келіссөзге қатысқан арнайы өкілі Залмай Халилзадты шақыртып алып, келіссөзді уақытша тоқтатты. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп "Талибан" өкілдерімен құпия кездесуден бас тартатыны туралы мәлімдеген. Трамп бұл шешімін жақында Ауғанстан астанасы Кабулда 12 адамның (арасында АҚШ әскериі де бар) ажалына себеп болған террорлық шабуылға жауапкершілікті "Талибан" мойнына алған соң қабылдаған.

8 қыркүйекте телеарнадан сөйлеген сөзінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзадты кері шақыртып, "Талибанмен" бейбіт келіссөзді уақытша тоқтататыны туралы мәлімдеген.

Помпеоның сөзінше, тәліптер Кабулда шабуыл жасап, "шектен шыққан".

"Талибан" жергілікті жердегі зорлық-зомбылықты азайту... үшін қажетті міндеттемені орындағысы келмейтінін немесе орындай алмайтынын көрсетті" деген Помпео Fox News телеарнасына.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасына 18 жыл толар қарсаңда Ауғанстан билігі және "Талибан" өкілдерімен Вашингтонның іргесіндегі Кэмп-Дэвидтегі резиденциясында келіссөздер өткізу жоспары болғанын, бірақ Кабулдағы шабуылға байланысты одан бас тартқаны туралы Twitter әлеуметтік желісі арқылы хабарлаған болатын.

2001 жылы 11 қыркүйекте "Әл-Қаида" террорлық тобы АҚШ тарихындағы ең сұрапыл террорлық шабуыл жасаған еді. Бұған жауап ретінде АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштері 2001 жылы "Әл-Қаида" басшыларын паналатып отырған және Ауғанстанда сол кезде билікте болған "Талибан" режиміне қарсы әскери операция бастаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG