Accessibility links

Тимати митингілер туралы айтылған клипін YouTube-тан өшіріп тастады


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен рэпер Тимати (Тимур Юнусов).
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен рэпер Тимати (Тимур Юнусов).

Ресейлік рэпер Тимати (Тимур Юнусов) Гуфпен (Алексей Долматов) бірге түсірген «Мәскеу» клипін YouTube желісінен өшіріп тастады. Қала күні Мәскеу қалалық думасы сайлауының қарсаңында жарияланған видео ресейлік YouTube-та ең көп дизлайк жинаған видео болды. 7 қыркүйекте шыққан клипке 62 мыңнан аса адам – лайк, 1 миллион 400 мың адам дизлайк қойған.

Ресейлік желі қолданушылары Тимати клипіндегі «Митингілерге бармаймын, далбасаламаймын», «[Мәскеу мэрі Сергей] Собяниннің денсаулығы үшін бургерді соғып аламын» және «Бұл – гей-парад өткізбейтін қала» деген сөздерін сынға алған. Көрермендер «клипті билік тапсырысы» деп, рэперлерді «сатылып кетті» деп айыптаған.

Видеоны өшіргенге дейін Тимати Instagram парақшасына «тоқтаусыз негативті доғару үшін» видеоны өшіргелі жатқанын жазған. Тимати «Клип үшін ұялмаймын. Ешқандай ақша алғам жоқ. Бизнесімді құтқарып жатқан жоқпын. Ешкімді ренжіткім келмеді» деді. «Жастар арасында билікті сөгу сәнге айналып кетті» деген рэпер өзінің «Мәскеу мэрін шексіз құрметтейтінін» айтқан. Клиптегі митингілер туралы сөздер жайлы пікір білдірген ол «Наразылыққа шығатындардың жартысы саяси шараларға қатысқанына ақша алады. Олардың айлық алып отырған кураторлары, ұйымдастырушылары бар. Мұның бәрін кім қаржыландыратынын ұғу қиын емес» деді.

Рэпер Гуф клип үшін тыңдармандарынан кешірім сұраған. Ол видео жарияланған соң өзіне қатысты айтылған сынның көптігіне таңқалғаннын жазды. «Қалалық дума сайлау туралы білгем жоқ. Маған тек «қаланы құттықта» деп еді» деді Гуф.

Кейбір қолданушылар клиптегі Мәскеу көріністерін биыл қалада өткен наразылық кадрларымен алмастырып қойған.

Рэпер Тимати Ресей президенті Владимир Путинді қолдайды. 2012 жылы өткен президент сайлауында рэпер «Неге мен Путинге дауыс беремін?» ролигіне түскен. 2018 жылғы сайлауда Тимати Путиннің сенімді өкілі болды.

Екі рэпердің клипі 8 қыркүейекте өткен Мәскеу қалалық думасы сайлауының қарсаңында жарияланды. Сайлау комиссиясының тәуелсіз саясаткерлерді кандидат ретінде тіркемей қоюы соңғы жылдардағы ең ауқымды наразылық акцияларына ұласқан. Бір айдан астам уақыт аралығында шамамен үш мыңға жуық адам ұсталған. Полиция наразылық білдіргендерді күшпен ұстап, ондаған адамды жазалады. Мәскеудің наразыларға танытқан реакциясын халықаралық ұйымдар сынға алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG