Accessibility links

АЭС салатын Өзбекстанда атом игеру туралы заң қабылданды


"Росатом" жобасы - Беларусь атом электр станциясы. Көрнекі сурет.
"Росатом" жобасы - Беларусь атом электр станциясы. Көрнекі сурет.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев парламент мақұлдаған атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы заңға қол қойды. Бұл ақпаратты UzReport.news сайты хабарлады.

Ресми хабарламаға сәйкес, бұл заң атом энергетикасын пайдаланудың негізгі қағидаларын анықтап, ядролық жабдықтар, сақтау пунктері сияқты атомды пайдалану нысандарын бекітеді.

Құжат сонымен бірге ұлттық ядролық инфрақұрылымды дамыту, сақтау қоймалары мен ядролық қондырғыларын жабдықтау сияқты атом энергиясын пайдалану саласында мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарын анықтайды. Заң ядролық қару және өзге де ядролық жарылғыш заттарды шығаруға тыйым салады.

2018 жылы күзде Ресей мен Өзбекстан үкіметі атом энергетикасы саласында әріптестік орнату туралы келісімге қол қойған. Оған сәйкес, Ресей Өзбекстанға "3+" буынына тиесілі екі энергоблоктан құралған 2,4 гигаваттық атом электр станциясын несиеге салып бермек. Өзбекстандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, екі ел жыл соңына дейін АЭС салу туралы келісім-шартқа қол қояды. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталмақ.

Әуел баста АЭС Тудакул су қоймасы маңына салынады деп хабарланды. Кейіннен АЭС-тың елдің солтүстік-шығыс бөлігінде Жизақ облысында салынатыны белгілі болды. Өзбекстандық ақпарат құралдары қыркүйек айының басында ресейлік мамандардың Жизақ облысында геофизикалық-сейсмологиялық жұмыстар жүргізе бастағанын хабарлады.

Атом электр станциясы салынатын маң Қазақстанға өте жақын орналасқан. Елдің оңтүстігіндегі Шардара мен Жизақ облысы орталығының ара қашықтығы 230 шақырымнан асады.

Атом электр станциясы сияқты қоршаған ортаға әсері бар ірі жобаларды жүзеге асырған кезде әлем елдері көбіне БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы бастамасымен қабылданған Шекаралас тұрғыда қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы конвенциясын басшылыққа алады. Конвенцияға сәйкес, АЭС салуды жоспарлап отырған ел көрші мемлекеттерге жоба жайлы мүмкіндігінше ертерек ескертіп, хабар беруі тиіс.

Бұған дейін Қазақстанның энергетика министрлігі Азаттыққа Өзбекстан бұл конвенцияны қабылдамағандықтан өзбек тарапынан қазақ жағына АЭС салу жайлы хабарлама түспегенін айтқан.

Оқи отырыңыз: Өзбекстандағы АЭС жобасының Қазақстанға әсері бола ма?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG