Accessibility links

Бельгия прокуратурасы олимпиада чемпионы Винокуровты 6 айға соттауды сұрады


Александр Винокуров аты-жөні жазылған жұлдызшаға қолын қойып тұр. Алматы, 1 қазан 2015 жыл.
Александр Винокуров аты-жөні жазылған жұлдызшаға қолын қойып тұр. Алматы, 1 қазан 2015 жыл.

Бельгияның ақпарат құралдарының хабарлауынша, Бельгия прокуратурасы қазақстандық "Astana Pro Team" велокомандасының менеджері Александр Винокуров пен ресейлік Александр Колобневті алты айға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Винокуровқа 2010 жылы сәуір айында болған "Льеж – Бастонь – Льеж" веложарысы кезінде "жеңісті сатып алды" деген айып тағылған. Ал Колобнев "әдейі жеңілді" деген күдікке ілінген.

Бельгиялық RTBF.be сайтының жазуынша, прокуратура өкілдері Александр Винокуровты "жеңіске таласпауы үшін Колобневке 150 мың еуро берген" деп айыптайды. Олар спортшылардың өзара алмасқан электронды хаттарына сүйенеді. Прокуратура бұған қоса, Винокуровтың 2010 жылы шілде мен желтоқсан айлары аралығында 100 мың және 50 мың еуро аралығында ақша аударғаны туралы банк анықтамасын дәлел ретінде келтіреді.

Ал спортшылардың адвокаттары айыптың негізсіз екенін, прокуратура келтірген деректердің заңсыз жолмен алынғанын (олардың бір бөлігі айыпталушылардың электронды жәшігінен алынған) немесе қолдан ұйымдастырылғанын айтады.

Бельгия прокуратурасы бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, Винокуровқа - 100 мың еуро, Колобневке - 50 мың еуро көлемінде айыппұл салуды сұрап отыр. Бұған қоса, "Колобнев заңсыз жолмен алған 150 мың еуроны" тәркілеуді де сұраған. Сот үкімі Льежде 8 қазанда оқылуы тиіс.

Қазақстандық Александр Винокуров - 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы, 2000 жылғы Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG