Accessibility links

Ақтөбеде қытай компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті


Ақтөбе облысы Жаңажол мен Кеңқияқтағы мұнай кеніштерін бұрғылайтын қытайлық "Шығыс-мұнай және сервистік қызмет" (Құжаттағы атауы – "Восток нефть и сервисное облслуживание") компаниясының 30 жұмысшысы 12 қыркүйекте жалақыларын көбейтуді талап етіп, Ақтөбедегі бас кеңсеге келді.

- Компанияның кәсіподақ комитетіне арыз жазып, жалақымызды 50 пайызға көбейтуді сұрағанбыз. Бүгін сол арыз бойынша бізді бас директорымыз Чжан Баоцзюнь қабылдап, жалақыны бес пайызға ғана көбейте алатынын айтты. Бұл тым аз. Біз келіспейміз. Қазан айының 10-ына дейін жалақы көбеймейтін болса, кеніштегі жұмысты тоқтатпақ ойымыз бар, – деді аты-жөнін атамауды өтінген бұрғылаушы.

Оның сөзінше, бұрғылаушылар ай сайын 120 мың теңге (310 доллар) жалақы алады.

Компания басшыларымен ортақ мәмілеге келе алмаған бір топ жұмысшы түстен кейін облыс әкімдігіне барды. Қытайлық компанияның 22 жұмысшысын Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов қабылдаған.

- Компанияның бас директоры Чжан Баоцзюньнің сөзінше, қазір серіктестіктегі қаржылық ахуал күрделі. Сондықтан компания жұмысшылардың еңбекақысын қыркүйек айында бес пайызға көбейтпек. Алайда жұмысшылар келіспей отыр. Жергілікті билік "Шығыс-мұнай және сервистік қызмет" серіктестігі басшыларына жалақы мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Жұмыс берушінің жалақыға қатысты нақты шешімі 16 қыркүйек күні белгілі болады, –деп хабарлады әкімдік.

Азаттық "Шығыс-мұнай және сервистік қызмет" серіктестігінің басшыларымен байланыса алмады. Бұл компания Ақтөбе облысындағы Жаңажол, Кеңқияқ кеніштерінде мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылаумен айналысады. Компанияның дерегінше, серіктестіктегі 1112 жұмысшының 106-сы шетелден келген. Жалақыға қатысты наразылық білдірушілердің барлығы – Қазақстан азаматы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG