Accessibility links

Тәжікстандық 90 әйел мен бірнеше жүздеген бала Сирия лагерін паналаған


Сириядағы "Әл-Хол" босқындар лагері. Наурыз айы, 2019 жыл.
Сириядағы "Әл-Хол" босқындар лагері. Наурыз айы, 2019 жыл.

Тәжікстан билігінің дерегінше, қазір Сириядағы босқындар лагерінде кемінде 90 тәжікстандық әйел тұрып жатыр. Бұған қоса лагерьде тәжікстандықтардың жүздеген балалары паналағаны хабарланған. Олар бірнеше жыл бұрын Тәжікстаннан Таяу Шығыс елдеріне барып, "Ислам мемлекеті" террористік тобына қосылып, соғыста қаза тапқан не тұтқынға түскен ер адамдардың отбасы болуы мүмкін.

Бұл деректі 12 қыркүйекте Азаттықтың Тәжік қызметіне аты-жөнін атағысы келмеген тәжік үкіметінің қызметкері хабарлады. Оның айтуынша, бұл азаматтардың басым бөлігі "Әл-Хол" лагерін паналап отыр.

"Олардың шамамен 90-ы - әйел, 200-ден астамы - қыз бала, 240-тан астамы - ұл бала. Балалардың жасы - 1 мен 17 жас аралығында. 134 бала соңғы екі жылда дүниеге келген. Балалардың басым бөлігінің ата-анасы жоқ. Бұл статистика тағы өзгеруі мүмкін, себебі ол жақтағы Тәжікстан азаматтары бұдан да көп болуы мүмкін" деді үкімет қызметкері.

Оның айтуынша, бұл әйелдер мен балалар лагерьге биыл - Багуз ауданы террористерден азат етілген соң жеткізілген. Лагерьде жалпы саны 70 мыңға жуық адам бар. Шамамен он мыңы - шетел азаматы.

11 қыркүйекте Сирия бойынша баяндама әзірлеген БҰҰ сарапшылары да босқындар лагеріндегі жағдайға тоқталған еді. БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, ол жақтағы әйелдер мен балалардың жағдайы мүшкіл - "жан түршігерлік қиын жағдайда тұрып жатыр".

БҰҰ Адам құқығы кеңесі құрған Сириядағы оқиғаны зерттеу комиссиясы әзірлеген баяндаманы Женевада Паулу Пинейру таныстырды. Ол лагерьде тұрып жатқан балалардың басым бөлігі 12 жасқа дейін екені, 3,5 мың баланың туу туралы куәлік жоқ екенін айтты.

Баяндама авторлары "Әл-Холға" гуманитарлық көмектің дер уақытында жетпей жатқанына алаңдап, лагерь тұрғындарының азық-түлік пен медициналық көмекке зәру екенін айтқан. БҰҰ "Әл-Хол" тұрғындарының мәртебесі мен азаматтығына қарамастан үздіксіз гуманитарлық көмек жеткізуді талап еткен.

Тәжікстан - Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарына кеткен азаматтарын қайтарған Орталық Азиядағы төрт елдің бірі.

Сәуір айында Тәжікстан билігі Ирактан 84 тәжік баласын Душанбеге жеткізген. Олар - Таяу Шығыстағы соғыс аймағында қаза тапқан я хабарсыз еткен "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылған тәжік содырларының балалары. Олардың көбінің әкелері әскери операция кезінде қаза тапқан. Ал аналары "террористермен ымыра жасағаны" үшін түрмеге қамалған. Маусым айындағы дерек бойынша, Ирак түрмесінде 43 тәжік азаматы жазасын өтеп жатыр.

Тәжікстан билігі бұған дейін 2014 жылдан бері 1900 тәжік азаматы елін тастап, Таяу Шығыс елдеріндегі содырларға қосылды деп мәлімдеген. Ресми дерек бойынша, олардың 400-і әйел мен балалар. Алайда сарапшылар содырларға қосылған тәжік азаматтарының бұдан да көп екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG