13 қыркүйек күні түстен кейін жиырмадан астам ана Шымкент қаласы әкімдігіне барып, наразылық білдірді. Наразы топ қала әкімінен баспана мен жәрдемақы мәселесін шешіп беруді талап етті.
Әкімдік алдына жиналғандар арасында аяғы ауыры немесе қолына емізулі баласын ұстаған аналар да болды. Солардың бірі төрт баласымен бірге жалдамалы пәтерде тұратын Гүлнар Бернақова есімді әйел үш айдан бері құжат өткізгенімен 21 мың теңге жәрдемақы ала алмай жүргенін айтты. Есіктен есікке кіріп жүріп, шаршағанын айтқан әйел төрт баласын үйінде қараусыз тастап кеткенін айтып, қала әкімі Ерлан Айтахановтан аналардың мәселесін шешуді сұрады.
- Аяғым ауыр, жүрісім мынау. Көшеде босанатын түріміз бар. Осыншама әйел зар илеп отыр. Баламен келдік. Әкім шығып бір шешімін айтсын, - деді ол ашуланып.
Наразы топтың ішінде баспана мәселесін шешіп беруді сұрағандар да болды. Үш мүгедек баласы бар, жалғызбасты көпбалалы ана Гүлназ Маханова 2014 жылы үй кезегіне тұрған. "Кезегім қашан келетіні белгісіз" деп шағымданған әйел әкімдіктен баспана беруді сұрады.
Бір сағаттан астам уақыт әкімдік алдында тұрып, қала әкімінің шығуын талап еткен наразылар әкімдік ішіне кіріп "әкім шықсын" деп айқайлады. Ғимарат ішіндегі күзетшілер оларды сабырға шақырды.
"Бала-шағам үйде аш отыр. Аналардың жан айқайын тыңдау үшін бір адамның өртенуі міндетті ме?" деді наразылардың бірі.
Аналар айқайын тоқтатпаған соң қала әкімінің орынбасары Бұқарбай Парманов шықты. Ол әкімнің жиналыста екенін айтты.
"21 мың теңге жәрдемақы мәселесімен мен айналыспаймын" деген ол тек наразылардың шағымын тыңдауға келгенін жеткізді. Аналардың бір бөлігі Пармановқа арыз-тілектерін айтты.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сәлден соң әкімдік өкілдері жәрдемақы мәселесімен келген аналарды "жұмыспен қамту орталығына" әкеткен. Ал ғимарат ішінде қалған аналарға Парманов дүйсенбі, 16 қыркүйекте "тұрғын үй коммуналды шаруашылығына" барып, мәселелерін айтуға кеңес берген.
Шымкентте бұған дейін де көп балалы аналар баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен. Шілде айында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова "қалада 38 мың адам үй кезегінде тұр, барлығының өтініші заң негізінде қаралады" деп жауап берген.
Тамыз айының ортасында Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елде 1,8 миллион қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алады деп хабарлаған. Қыркүйектің 4-інде мемлекеттік арналардың бірінде еңбек министрлігінің өкілі жыл басынан бері 2 миллионнан астам адамға атаулы жәрдемақы берілгенін айтқан. Министрлік дерегінше атаулы көмек алушылардың көбі Түркістан (498,7 мың адам) мен Алматы (225,4 мың адам) облыстарында және Шымкент қаласында (216,3 мың адам) тұрады.
ПІКІРЛЕР