Accessibility links

Нұр-Сұлтанда жалғыз адамдық пикетке шыққандар қоқан-лоқыға шағымданды


Нұр-Сұлтандағы наразылық. 13 қыркүйек 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы наразылық. 13 қыркүйек 2019 жыл.

Нұр-Сұлтандағы Министрліктер үйінің алдында бес күннен бері пикет өткізіп, жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың отставкасын талап етіп тұрған азаматтар өздеріне қоқан-лоқы көрсетіліп жатқанын айтып, шағымданды.

Жалғыз адамдық пикетке шыққандардың бірі Екібастұз қаласының тұрғыны Гүлнара Оразғұлованың айтуынша, үстіне "За Асанова" деген жазуы бар, жоғары сот төрағасының суреті басылған футболка киген еуропалық нәсілді азамат келіп, Асановқа қандай талаптары бар екенін сұраған. Оның жанында видеоға түсіріп жүрген адамдары да болған.

- Маған келіп "мен де бес жыл бойы сот жүйесімен күрестім, бірақ Асановқа ризамын" деді. Бізді видеоға түсіріп, кетіп қалды. Ал пикетке шығып жүрген Любовь Бейсембаеваның көлігінің артқы терезесін сындырып кетті, - дейді Гүлнара Асанова.

Екібастұз, Тараз, Қостанай және басқа өңірлерден келген он шақты адам министрліктер ғимаратының алдында 9 қыркүйектен бері жалғыз адамдық пикетке шығып жүр. Олардың бірі - баспана мәселесінің шешілмегеніне, екіншісі - "ұлдарының өлімі дұрыс тергелмегенін", тағы бірі бизнесінен "заңсыз айырылғанын", сот шешімдерінің әділетсіз болғанына шағымданады.

Наразылар бейбіт митингіге шығатыны туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне алдын ала ресми хат тапсырып, ескерту жасағанын да айтады.

- Біз қыркүйектің 9-19 күндері аралығында пикетке шығатынымыз туралы ресми түрде жазбаша хат тапсырып, ескерткен болатынбыз. Бірақ бес күн тұрсақ та, бізге назар аударған ешкім жоқ. Сондықтан әкімдікке тағы бес күнге 25 қыркүйекке дейін ұзарту туралы хат тапсырдық, - дейді пикетке шыққандардың бірі белсенді Раиса Дүйсембаева.

13 қыркүйекте кешке қарай Нұр-Сұлтанда тағы бір белсенді Әлия Жақыпова да пикетке шығып "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деген айыппен төрт айдан бері қамауда жатқан белсенді Серік Жахинді босатуды талап етті. Қолына "Ол экстремист емес" деген жазуы бар плакат ұстаған белсенді Жахиннің денсаулығының нашар екенін айтып, оның бар "кінәсі" - митингіге шыққанын, ал бейбіт шеруге қатысу оның конституциялық құқы екенін жеткізді.

Қазақстанда соңғы уақытта түрлі талаптармен бір адамдық пикетке шығатындар жиілеген. Акцияға қатысушылар өзге мәселелермен бірге қамауда отырған "саяси тұтқындарды" босату туралы талап та көтерген.

Қазақстан билігі бұған дейін "елде саяси қызметіне я азаматтық ұстанымына байланысты қудаланғандар барын" жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG