Accessibility links

"Қытай кәсіпорындардың бар-жоғын тексермек болған" белсенділер ұсталды


Шығыс Қазақстан облысының картасы.
Шығыс Қазақстан облысының картасы.

Қыркүйектің 14-іне қараған түні Шығыс Қазақстан облысында полицияның бірнеше астаналық белсендіні ұстағаны туралы ақпарат тарады.

Өскемендік белсенді Руслан Нұрқановтың Азаттыққа айтуынша, Жанат Нұркишев, Орынбасар Жәнібеков, Әбдуәлі Тағай және Іңкәр Тиштыбаеваны полиция Өскеменнен 50 шақырым жерде Нұр-Сұлтанға бара жатқан жолда түнде ұстаған. Оларды не үшін полицияға алып кеткені әзірге белгісіз.

Қыркүйектің 14-і күні мән-жайды анықтау үшін Өскемен қалалық ішкі істер басқармасына барған белсенді Руслан Нұрқанов Азаттыққа Нұркишевті полицияның босатқанын, қалған үш белсендінің департаментте отырғанын хабарлады. Ол Нұркишевтен басқа ақпарат сұрай алмағанын, оларды бүгін әкімшілік сотқа апаруы мүмкін екенін де жеткізді. Белсенділердің телефондары әзірге өшіп тұр.

Дәл осының алдында Жанат Нұркишев Facebook-та "белсенділерді ұстау" туралы "полиция нұсқаулығын" таратқан. Нұсқаулыққа Күршім аудандық тірек пунктінің бастығы С.Манапов есімді қызметкер қол қойған. (Күршім аудандық әкімдігінің ресми сайтында Серік Тоқтарқанұлы Манаповтың Күршім аудандық полиция бөлімінің бастығы екені көрсетілген).

"Полиция нұсқаулығында" астаналық белсенділердің 11 қыркүйекте Күршім ауылына барып, осы аумақта "қытайлық кәсіпорынның бар-жоғын тексермек" болғаны жазылған. Олардың аумақты видеоға да түсіргені айтылған. Нұсқаулық "полицияның жеке құрамын жоғарыда көрсетілген көлік пен ондағы азаматтарды ШҚО полициясының бөлімшесіне жеткізуге жұмсауды сұраймын" деп аяқталады.

Азаттық тілшісі "белсенділердің ұсталуына" байланысты 14 қыркүйекте түстен кейін Өскемен қалалық полициясына хабарласты. Өскемен қалалық полициясының кезекші бөлімінде отырған аты-жөнін Ерболат Дүйсебаев деп таныстырған қызметкер "белсенділердің ұсталуы" жайлы ақапарат білмейтінін, бастығы Асхат Қашқынбаевтың орнында жоқ екенін айтты. Күршім аудандық полициясының телефонын да ешкім көтермеді.

Кешке қарай Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті арнайы баспасөз хабарламасын таратты.

Онда ШҚО полиция департаменті "шетелдік кәсіпорынға Күршім ауданы аумағынан жер берілгені" жайлы әлеуметтік желіде тараған видео-аудиоматериалдарды зерттеп жатыр, "жалған ақпарат тарату" бабы (Қылмыстық кодекстің 274-бап, 2-бөлімі) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды деп жазылған.

"Сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында бірқатар азаматтар ШҚО полиция департаментіне жеткізілді. Қалған ақпарат тергеу мүддесіне байланысты таратуға жатпайды" делінген полиция хабарламасында.

Баспасөз хабарламасында нақты кімдердің полиция департаментіне жеткізілгені айтылмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG