Accessibility links

Зимбабведе елді 35 жылдан астам басқарған Мугабемен қоштасты


Хараре қаласындағы қоштасу рәсімі. Зимбабве, 14 қыркүйек 2019 жыл.
Хараре қаласындағы қоштасу рәсімі. Зимбабве, 14 қыркүйек 2019 жыл.

Зимбабве астанасы Хараре қаласында 14 қыркүйекте елдің бұрынғы президенті Роберт Мугабемен қоштасу рәсімі өтті. Мугабе сүйегі жатқан табыт ұлттық стадионға жеткізілді. Оның артынан елдің қазіргі президенті Эмерсон Мнангагва, әскерилер, марқұмның туыстары ілесіп жүрді.

Ресми шараға Африка елдерінің көптеген басшылары, Оңтүстік Африка республикасы және Кения президенттері де келді. Қоштасу рәсіміне ондаған мың адам қатысты.

Мугабені жерлемейді - оны Хараре қаласында алдағы бірнеше айда құрылысы аяқталатын арнайы жабдықталған кесенеге қояды.

Бұған дейін билік өкілдері мен марқұмның туыстары "Мугабені қалай және қайда жерлеу" мәселесі бойынша дауласып қалған. Туыстары 2017 жылы биліктен қуылған Мугабені қазіргі президент сатып кетті деп есептейді. Ақырында екі жақ Мугабенің "қарама-қайшы тұлға" болғанына қарамастан оны мемлекеттік дәрежеде құрмет көрсетіп, жерлейтін болып шешті.

Сыншылар Мугабе режимін демократиялық процестерді тежеді, ақ нәсіл өкілдерін қуғындады, елді экономикалық тығырықтан шығара алмады деп сынаған. Елді басқарып тұрған тұста инфляция деңгейі екі миллион процентке жеткен, тұрғындарының 90 пайызы жұмыссыз болған.

Ал Мугабе тірі кезінде мәселенің түп-тамырын "әлемдік отарлаушылармен" байланыстырып, елдің "ішкі және сыртқы жауларын" кінәлаған.

Роберт Мугабе билікке 1980 жылы келіп, елді 35 жылдан астам басқарды. 6 қыркүйекте 95 жасында Сингапурда қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG