Accessibility links

ШҚО-да ұсталған төрт белсендіні "жалған ақпарат тарату" ісі бойынша тергеген


Өскемен қаласының маңы.
Өскемен қаласының маңы.

Қыркүйектің 14-іне қараған түні Өскемен қаласынан 50 шақырым жерде ұсталды деп хабарланған астаналық төрт белсендіні "жалған ақпарат тарату" ісі бойынша полиция тергеген. Жанат Нұркишев, Орынбасар Жәнібеков, Әбдуәлі Тағай және Іңкәр Тиштыбаева кеше, 14 қыркүйекте кешкі жеті шамасында Өскемен қаласындағы полиция басқармасынан шыққан. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне өскемендік құқық қорғаушы Индира Кәкімова 15 қыркүйекте хабарлады.

"Өкінішке қарай құқық қорғау органдары маған толық ақпарат бермеді. Себебі мен процеске қатысушы емеспін. Олардың мүддесін қорғайтын адвокаты да емеспін. Бірақ төртеуін де сол іс бойынша тергегенін білемін" деді ол Азаттық тілшісіне түстен кейін.

"Олардың статусы қандай?" деген сұраққа құқық қорғаушы ресми түрде айып тағылмаған "тергеуде жүрген адам" - "қорғалуға құқығы бар жартылай куәгер, жартылай айыпталушы шығар" деп жауап берді.

Оның айтуынша, полиция телефондарын қайтарып берген соң белсенділер Нұр-Сұлтанға жол тартпақ.

Сенбіге қараған түні әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысында полицияның бірнеше астаналық белсендіні ұстағаны туралы ақпарат пайда болған. Facebook-тағы парақшасында ұсталған белсенділердің бірі "полиция нұсқаулығын" да таратты. Онда белсенділердің 11 қыркүйекте Күршім ауылына барып, осы аумақта "қытайлық кәсіпорынның бар-жоғын тексермек" болғаны жазылған.

14 қыркүйекте кешке қарай Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз хабарламасын таратты. Онда полиция "шетелдік кәсіпорынға Күршім ауданы аумағынан жер берілгені" жайлы әлеуметтік желіде тараған видео-аудиоматериалдарды зерттеп жатыр, "жалған ақпарат тарату" бабы (Қылмыстық кодекстің 274-бап, 2-бөлімі) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды деп жазылған.

"Сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында бірқатар азаматтар ШҚО полиция департаментіне жеткізілді. Қалған ақпарат тергеу мүддесіне байланысты таратуға жатпайды" делінген полиция хабарламасында.

Әзірге белсенділердің өзіне хабарласа алмадық.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG