Accessibility links

Ресейде "Центр-2019" әскери жаттығуы басталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

16 қыркүйекте Ресейде жыл сайын өткізілетін "Центр-2019" стратегиялық командалық-штабтық әскери жаттығу басталды. 21 қыркүйекке дейін жалғасатын жаттығуға Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Пәкістан мен Үндістан әскерилері де қатысады.

Бұл жолы жаттығуларда Орталық әскери округі (Ресейде бұған қоса, Батыс, Шығыс және Кавказ әскери округтері бар) басты назарға алынады. Ресей қарулы күштерін модернизациялауды бастаған 2008 жылдан бері Орталық әскери округінде жаттығу екі рет: 2011 және 2015 жылдары өткізілген.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, биылғы жаттығу барысында "Орталық-азиялық стратегиялық бағытта халықаралық терроризммен күрес және қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін атқару кезінде мемлекеттер коалициясы әскери тобын (күштерін) қолдану мәселелері пысықталмақ".

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу бұл жаттығу қандай да бір үшінші елге қарсы бағытталмағанын және негізгі назарды "террорға қарсы" операцияларға аударатынын мәлімдесе, ресейлік "Военно-промышленный курьер" әскери басылымы жаттығу сценарийі "шын мәнінде ең алдымен "бір армияның екінші армияға қарсы" классикалық әскери іс-қимылдары пысықталып, бірінші кезеңде дұшпанның агрессиясына тойтарыс беру (соның ішінде авиациялық және зымыран соққысымен), екіншісінде қарсы шабуылға шығуға" құрылғанын жазады. Ресейлік "Ведомости" газеті министр Шойгудың жаттығудың "сегіз полигон мен Каспий теңізі акваториясында" өтетіні туралы айтқанын келтірген. Басылымның жазуынша, негізгі мақсаттардың арасында, "Орталық Азия аймағындағы ықтимал агрессияның алдын алу" да бар.

Ресейлік басылымдар бұл жаттығуға Тәжікстан да қатысады деп хабарлады.

Бұл осы жаттығу тарихындағы ең ірісі болмақ. АҚШ-тың Jamestown Foundation талдау орталығының дерегінше, оған "128 мың адам, 20 мың әскери техника мен қару құралы, 600 ұшақ пен тікұшақ және 15 әскери кеме" жұмылдырылады".

Бұған дейін "Центр-2015" жаттығуына 95 мың адам қатысқан. Ол кезде жаттығу ресейлік әскерилерді Сириядағы соғыс іс-қимылдарына дайындау ретінде өткізілген болатын деп хабарлады "Военно-промышленный курьер" басылымы.

Jamestown Foundation талдау орталығы есебінде "Центр-2019" жаттығуы "террорға қарсы іс-қимылдарға емес, халықаралық соғысқа дайындыққа ұқсайды" және де бұл соңғы жылдары өткізіліп келе жатқан ресейлік стратегиялық жаттығулардың барлығына тән деп жазады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG