Accessibility links

Ақтөбе облысындағы жол апатынан алты адам қаза тапты


16 қыркүйек Ақтөбе облысында жергілікті уақыт бойынша таңғы 4-те екі көлік соқтығысып, алты адам қаза тапты. Оқиға Самара-Шымкент тас жолындағы Белқопа ауылының тұсында болған.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Mazda Cronos көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Opel Vektra маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Қатты соққыдан Mazda Cronos көлігінің газ толы багы жарылған. Өртенген көліктен төрт адам шыға алмай қалған. Полицияның мәліметінше, Mazda Cronos салонында қаза тапқандар - бір отбасының адамдары. Жүргізуші, оның әйелі, ұлы мен немересі - Ақтөбе облысындағы Темір ауданының тұрғындары.

Ал Opel Vektra маркалы автокөліктің жүргізушісі ауыр жарақат алған, оның әйелі мен ұлы сол жерде қаза тапқан. Opel Vektra жүргізушісі қазір Әйтеке би аудандық ауруханасында жатыр. Әйтеке би аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрсейіт Кішкентаевтың айтуынша, науқастың жағдайы ауыр. Оң жақ сан сүйегі сынған, қатты шок алған.

Алты адам қаза болған жол апатынан кейін полиция қылмыстық іс қозғады.

Еуропа одағының статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп болатын елдердің бестігіне енеді. Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің ресми дерегі бойынша, жыл сайын Қазақстанда он мыңға жуық адам жол апатынан мерт болады.

Сарапшылардың айтуынша, жол апатына көбіне жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы және жол сапасы себеп болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG