Accessibility links

CPJ журналист Гонгадзені өлтірген адамның үкімінің күшін жоймауға шақырды


Қастандықпен өлтірілген журналист Георгий Гонгадзені еске алу шарасы. Киев, 16 қыркүйек 2016 жыл.
Қастандықпен өлтірілген журналист Георгий Гонгадзені еске алу шарасы. Киев, 16 қыркүйек 2016 жыл.

16 қыркүйекте "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) журналист Георгий Гонгадзені өлтіргенін мойындағаннан кейін сот үкімімен өмір бойына бас еркіндігінен айырылған украиналық бұрынғы милиция генералы Алексей Пукачтың жазасын биліктің жеңілдетуі мүмкін екендігіне байланысты алаңдаушылық білдірді.

Бір кезде Украина ішкі істер министрлігінің сыртқы бақылау департаментін басқарған Алексей Пукачты 2013 жылы қаңтарда сот айыпты деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Билікті сынайтын материалдарымен танымал Георгий Гонгадзе 2000 жылғы 16 қыркүйекте жоғалып кеткен. Оның бассыз денесі екі айдан кейін Киев облысы Тараща қаласының маңындағы орманнан табылған. Халықаралық ұйымдар мен батыс елдері Киевтен қоғамды дүр сілкіндірген бұл қылмысты мұқият тергеп, кінәлілерді қатаң жазаға тартуды талап еткен.

Украина ішкі істер министрлігі бақылау департаментінің бұрынғы басшысы Алексей Пукач сот залында отыр. Киев, 29 қаңтар 2013 жыл.
Украина ішкі істер министрлігі бақылау департаментінің бұрынғы басшысы Алексей Пукач сот залында отыр. Киев, 29 қаңтар 2013 жыл.

Көп жылдар бойы қарама-қайшы куәліктер берген Пукач соңғы алты жылдан бері үкімге келіспейтіні туралы шағым жазып келеді. Оның кассациялық арызы бойынша келесі сот отырысы 9 қазанда өтпекші. Кей ақпаратқа қарағанда, Жоғарғы сот Пукачты бостандыққа шығаруы мүмкін.

"Гонгадзені айуандықпен өлтіргеннен кейін он тоғыз жылдан соң (қылмысты) мойындаған кісі өлтіруші бостандыққа шығуы мүмкін. Украина билігі журналистерді өлтіргендердің жазадан сытылып кетуіне жол бермеуі тиіс. Толық әділдік... және басшылар да жауапқа тартылуы керек" деген CPJ ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Гүлноза Саид.

Пукач өз шағымында бұйрықты жоғарыдан, негізінен бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Кравченкодан алғанын айтқан. 2005 жылы 4 наурызда "Гонгадзе ісі" бойынша бас прокуратураға жауап беруге бармақ болған Кравченко сол күні таңертең өз үйінде басынан екі жерден оқ тиіп, өліп жатқан жерінен табылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG