Accessibility links

Алматыда "заңсыз шеруге қатысқан" екі белсенді он тәулікке қамалды


Лобачевский көшесіндегі әкімшілік қамауға алынғандар жазасын өтейтін арнайы мекеменің қоршауы.
Лобачевский көшесіндегі әкімшілік қамауға алынғандар жазасын өтейтін арнайы мекеменің қоршауы.

Алматы соты кемінде екі белсендіні 4 қыркүйекте қала әкімдігінің алдында өткен рұқсат етілмеген шараға қатысқан деген күдікпен әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы хабарлаған олардың адвокатының айтуынша, әкімшілік сот қаулысы 16 қыркүйекте кешке шыққан.

Әкімшілік қамауға алынған Айдос Базарханов пен Асхат Жексебаевтың адвокаты Салауат Сәскебаев әкімшілік жазамен қамауға алынғандар отыратын Лобачевский көшесіндегі арнайы мекемеге барғанымен оны қорғауындағы азаматтарға жолықтырмаған. Адвокаттың сөзінше, есік алдындағы күзетшілер оған "қазір жиналыста отырған" басшылықтан рұқсат алуы қажет екенін айтып, кіргізбей қойған.

Азаттық тілшісімен әңгімеде адвокат сот қаулысына келіспейтіні және өзін қорғауындағы азаматтармен жолықтырмай қойғанына наразылық білдіріп, шағым түсіретінін айтты. Сәскебаевтың сөзінше, ол бір сағатқа жуық уақыт тұрған кезде арнайы мекемеге келген көліктен түскен полиция формасындағы және қарапайым киім киген адамдар оған ол жерге "ешкімді топырлатпауды" және журналистерді шақырмауды ескерткен.

Азаттық тілшісі телефон арқылы сөйлескен арнайы мекеменің кезекшісі басшылық түскен асқа кеткенін айтып, полиция департаментінен мән-жайды анықтауға кеңес берген. Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінен комментарий алу мүмкін болмады. Баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек телефон қоңырауына жауап бермеді.

4 қыркүйекте Алматы қаласы әкімдігінің алдына жиналған ондаған азамат үкіметтің Қытаймен бірлескен өндірістік жобаларды іске асыруына қарсылық білдірген Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында шеруге қолдау танытқан болатын. Олардың кейбірі жақтаушылары мен құқық қорғаушылар саяси астары бар деп санайтын жемқорлық айыбымен сотталып, түрмеде отырғанына он жылдан асқан "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке бостандық беруді талап еткен. Жаңаөзендіктерге қолдау білдірген мұндай акциялар қыркүйектің басында Ақтөбе, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де өткен. Ол кезде билік қарсылық акцияларына қатысушыларға тиіспеген еді.

Бақылаушылардың хабарлауынша, 16 қыркүйектің кешінен бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда полиция бірнеше белсендіні ұстаған.

Соңғы екі айға жуық уақытта бақылаушылар мен құқық қорғаушылар елде билік келісім бермеген наразылық акцияларына қатысушыларды ұстап әкету азайғаны байқалып отырғанын айтқан еді. Қолданыстағы заң бойынша, шеру өткізгісі келетін азаматтар әуелі жергілікті биліктің келісімін алуға міндетті. Құқық қорғаушылар бұл заң азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын шектейді деп санайды.

Белсенділердің ұсталғаны туралы хабар билікті сынаушы, 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қызметіне қатысқан деген айыппен істі болған белсенділердің сот процестері өтіп жатқан шақта тарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG