Accessibility links

Ауғанстанда жиын кезіндегі жарылыстан ондаған адам қаза болды


Ауғанстан қауіпсіздік күштері қызметкерлері жарылыс болған жерде тұр. 17 қыркүйек 2019 жыл.
Ауғанстан қауіпсіздік күштері қызметкерлері жарылыс болған жерде тұр. 17 қыркүйек 2019 жыл.

17 қыркүйекте Ауғанстанның Парван уәлаятының әкімшілік орталығы Чарикар қаласында жарылыс болды. Ел президенті Ашраф Ғанидың қатысуымен сайлауалды шара өтіп жатқан жердің қасында болған жарылыс салдарынан кемінде 24 адам қаза тауып, 31 адам жараланған. Бұл туралы ауған ресмилері хабарлады. Жергілікті шенеуніктің сөзінше, жанкешті өзін жарып жіберген.

Чарикардағы жиынға сөз сөйлеуге барған Ашраф Ғани, көмекшісінің айтуынша, жарылыстан зардап шекпеген.

Жергілікті аурухананың басшысы Абдул-Касим Сангин қаза тапқандар мен жараланғандардың арасында әйелдер мен балалар барын айтқан. "Жедел жәрдем көліктері адамдарды әкеліп жатыр, құрбан болғандар саны көбеюі мүмкін" деген ол.

Әзірге ешқандай топ бұл жарылысқа жауапкершілікті алған жоқ.

Сейсенбі күні Кабулда да жарылыс болып, кемінде үш адам қаза тапқан.


Бұған дейін "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда 28 қыркүйекте өтетін президент сайлауына дауыс беруге азаматтарды қатыстырмау мақсатында шабуылдарды үдететінін мәлімдеген. Бұл сайлауға түскен кандидаттар арасында қазір билікте отырған Ашраф Ғани де бар. Ауғанстанда президент бес жыл мерзімге сайланады.

Тәліптердің мәлімдемесінен кейін билік сайлауалды шаралар өтетін орындарда қауіпсіздік шараларын күшейткен.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Кэмп-Дэвидтегі резиденциясында Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысының жетекшілерімен өткізбекші болған келіссөзден бас тартқан. Трамп бұл шешімін Кабулда АҚШ сарбазының қазасына себеп болған шабуылдан кейін қабылдаған. Оған дейін Вашингтон Ауғанстанда 2001 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты тоқтату мақсатымен "Талибан" өкілдерімен Қатарда келіссөздер өткізген. Оған Ауғанстан үкіметі қатыспаған.

Ауғанстанның көп бөлігіне бақылау орнатқан "Талибан" қозғалысы елден шетелдік әскерді түгелдей шығаруды талап етіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG