Accessibility links

Нұр-Сұлтанда "Қытай жобасына қарсы" шеру үшін екі белсендіні 10 күнге қамады


Қытайдың Қазақстандағы жобаларына наразылық білдіріп жиналған адамдар. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек 2019 жыл.
Қытайдың Қазақстандағы жобаларына наразылық білдіріп жиналған адамдар. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда үкіметтің Қытаймен бірлескен жобаларына қарсы қыркүйектің басында өткен "заңсыз митингіге қатысқан" алты азамат ұсталды. Екі белсенді – Қуат Төлепбергенов пен Марат Темірбеков он тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Qaharman құқық қорғаушылар қозғалысының белсендісі Бота Әлжанованың сөзінше, белсенділерді ұстау 17 қыркүйекте таңертеңгі сағат сегізден кете басталған.

- Белсенді Әлия Жақыпованы да ұстап, тергеуге алып кеткен деген ақпарат бар. Азаматтық белсенді Салтанат Төлегенді де әлдебір профилактикалық әңгіме өткізуге алып кеткен. Тағы екі сағат өткенде белсенді Назым Серікбекованы көшеден ұстап әкеткенін естідік, - деді Әлжанова.

Оның айтуынша, белсенділерге сот шешімі сейсенбі күні түс кезінде шыққан. Ұсталғандарға 3-4 қыркүйекте қала әкімдігінің алдында өткен рұқсат етілмеген шеруге қатысқан деген айып таққан.

- Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы шеру өткізбекші деген ақпарат бар. Меніңше, бұл соған байланысты болуы мүмкін, - дейді белсенді.

17 қыркүйекте түстен кейін Бота Әлжанованы да полицияға әкеткені туралы ақпарат тарады. Нұр-Сұлтан тұрғыны Дана Жанаева Facebook-тегі парақшасында белсендіні "ҚДТ ісі бойынша мәжбүрлі түрде ішкі істер департаментіне" алып кеткені туралы хабарлады. Жанаеваның жазуынша, белсенді іс бойынша "куәгер" саналады. Оның қандай іс екені әзірге белгісіз.

Нұр-Сұлтан полиция департаменті өкілі ұсталғандарға байланысты түсініктеме 18 қыркүйекте берілетінін айтты.

3 қыркүйекте Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Ақтөбе қалаларында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында Қазақстанға Қытай зауыттарын әкелуге қарсылық білдірген наразылардың талабын қолдау акциялары өткен. Наразылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытайға ресми сапармен барудан бас тартуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG