Accessibility links

Шекарадағы жанжалдан соң Душанбе мен Бішкек бір-біріне нота жолдады


Тәжікстан және Қырғызстан туы.

Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалға байланысты Қырғызстанға қарсылық нотасын жолдады. 16 қыркүйекте екі ел арасындағы шекара аумағында болған жанжалдан төрт адам қаза тапқан еді.

Тәжікстанның сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 17 қыркүйекте ведомствоға Тәжікстандағы Қырғызстанның уақытша сенімді өкілі шақырылған. Тәжік тарабы "бұған дейін жасалған келісімге қарамастан Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекараның айқындалмаған бөлігінде құрылыс жұмыстарын жүргізген" қырғыз тарабының әрекетін айыптаған.

Тәжікстан министрлігі қырғыз жағын "оқиға орнына 250-300 әскери апарып, Бахор ауылының бейбіт тұрғындарына әскери қару қолданды" деп сөккен. Бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қорғауға тырысқан Тәжікстанның шекарашыларын оқ атып, "жауап беруге" мәжбүрлеген.

"Қырғыз әскерилерінің арандату әрекетінің салдарынан үш тәжік сарбазы қаза тапты, бейбіт тұрғындар түрлі дәрежеде жарақат алды, зардап шеккендер арасында әйелдер мен балалар бар" делінген Тәжікстанның СІМ мәлімдемесінде.

Дәл осының алдында 17 қыркүйекте Қырғызстандағы Тәжікстан елшісі Сухроб хожа Олимзоданы Қырғызстанның СІМ шақырған. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, министрдің орынбасары Нуран Ниязалиев оған қарсылық нотасын тапсырған.

Қырғызстанның СІМ "қырғыз-тәжік шекарасындағы айқындалмаған бөлікте тәжік жағы қарсы тараппен келіспей, әскери бақылау пунктін сала бастады, соның салдарынан жанжал шықты" деп тәжік әскерилерін кінәлаған.

16 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында атыс болып, төрт адам: үш тәжік шекарашасы және бір қырғыз азаматы қаза тапқан. Бұған қоса, Қырғызстан жағынан 13 тұрғын жараланған. Он адам Бішкек ауруханасына жеткізілді. Қалған үш адам Баткен облысында емделіп жатыр. Тәжікстан жағы зардап шеккендер санына байланысты әзірге толық ақпарат бермеді.

Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы 976 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Митингіде ұсталғандар "полициядан таяқ жегендерін" айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:43 0:00
XS
SM
MD
LG