Accessibility links

АҚШ Эдвард Сноуденнің үстінен азаматтық шағым түсірді


Эдвард Сноуден кітабы.
Эдвард Сноуден кітабы.

Америкалық "әйгілі агент" Эдвард Сноуден естелігі жарық көргеннен кейін АҚШ оның үстінен азаматтық шағым түсірді. Америка билігі осы кітаптан түскен қаржының АҚШ ұлттық қауіпсіздігі агенттігінің бұрынғы қызметкері Сноуден қалтасына емес, АҚШ мемлекеттік қазынасына құйылғанын қалайды.

АҚШ-тың әділет министрлігі таратқан баспасөз баяндамасында "АҚШ кітап таралымын шектегісі келмейді, тек кітаптан түскен кірістің мемлекеттік қазынаға құйылғанын қалайды" деп жазылған.

Шағым иелері Сноуденді АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен Орталық барлау қызметімен жасасқан құпиялылық туралы келісімді бұзды деп айыптайды.

Бұған қоса, азаматтық шағымда АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен Орталық барлау қызметімен жасасқан келісімді бұза отырып, Сноуден кітап басты және Америка барлау қызметінің жұмысы туралы мәліметтерді жария етті деп жазылған.

Шағымда кітаптың жарық көруіне атсалысқан заңды тұлғалар жауапкер ретінде көрсетілген.

Сноуденнің Permanent Record ("Жеке іс") атты кітабы 17 қыркүйекте әлемнің 20 елінде бір мезгілде жарияланды.

Кітапта Сноуден америкалық арнайы қызмет өкілдерінің қарапайым азаматтар мен шетел азаматтарын, шетел басшыларын электронды әдісі арқылы аңду тәсілі жайлы жазған. Ол бұл жүйені жасауға көмектескенін де баяндап, елден 2013 жылы құпия деректерді әшкерелеп кетуінің де себебін түсіндірген.

Бұл азаматтық шағым Сноуденнің үстінен қозғалған қылмыстық істен бөлек іс.

Эдвард Сноуден әр жылдары АҚШ орталық барлау басқармасы және ұлттық қауіпсіздік агенттігіне жұмыс істеген. 2013 жылы ол қатардағы азаматтардың телефондарын арнайы қызметтер қалай тыңдайтыны туралы құпия дерек-құжаттарды журналистерге берген еді. Сноуден әшкере қылған жайт АҚШ пен оның Еуропадағы серіктес мемлекеттері, соның ішінде Германиямен арасындағы қарым-қатынастарға сызат түсірген. АҚШ құқық органдарынан қашқан Сноуден 2013 жылы жазда алдымен Гонконгке, кейін Ресейге барды.

АҚШ билігі Эдвард Сноуденге мемлекеттік мүлікті ұрлаған, қорғаныс саласында маңызы бар құпия ақпаратты заңсыз пайдаланған, сонымен бірге мемлекеттік құпияға жататын мәліметтерді әдейі жариялаған деген айыптар таққан. Бұл айыптар бойынша ол 30 жылға сотталуы мүмкін.

Ресей билігі оған саяси баспана берген. Сноуден әрекетіне байланысты қоғам пікірі екіге жарылды: көптеген белсенділер, қоғам қайраткерлері ол заң бұзса да, арнайы қызмет өкілдерінің азаматтардың жеке өміріне қол сұғуы сияқты маңызды мәселелерді көтерді деп есептейді.

Елдің бұрынғы президенті Барак Обама "Сноуден АҚШ соты алдында жауап берсе, оған рақымшылық жасай алар едім" деп айтып, оған рақымшылық жасаудан бас тартқан. Президент Дональд Трамп Сноуденді "сатқын" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG