Accessibility links

Мәскеуде "сарбазды жаралады" деп сотталған Устиновті қолдау пикеті өтіп жатыр


Мәскеудегі президент әкімшілігі алдында 3,5 жылға сотталған актер Павел Устиновті қолдап, пикетке шығуға келгендер кезекте тұр. 18 қыркүйек 2019 жыл.
Мәскеудегі президент әкімшілігі алдында 3,5 жылға сотталған актер Павел Устиновті қолдап, пикетке шығуға келгендер кезекте тұр. 18 қыркүйек 2019 жыл.

Ресейліктер Мәскеудегі президент әкімшілігі алдында 3,5 жылға сотталған актер Павел Устиновті қолдап, бір адамдық пикетке шықты. Азаматтар қаладағы Тверь аудандық сотының үкіміне наразылық білдіру үшін кезекке тұрып жатыр.

Екі күн бұрын, 16 қыркүйекте аудандық сот 23 жастағы актер Павел Устиновті 3 тамыздағы митинг кезінде "Росгвардия" сарбазына күш қолданды деп таныды. Сот үкімінде Устинов өзін ұстамақ болған полицияға қарсылық көрсетіп жатқанда сарбаздың иығы шығып кеткені жазылған. Актер өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Ол митингіге қатыспағанын, метро алдында досын күтіп отырғанын айтқан.

Пикетке танымал актерлер мен режиссерлер де қатысып жатыр. Пикетті Устиновті қолдау флешмобын ұйымдастырып, оны босатуды талап кеткен петицияға қол жинап жатқан актер Александр Паль бастап берді. Петицияға 100 мыңнан аса адам қол қойған.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "президенттің бұл істен хабардар екенін, бірақ оның сот шешіміне ықпал ете алмайтынын" айтты. "Устиновтің үкімге шағым түсіруге хақы бар" деді Песков.

"Мемориал" құқық қорғау ұйымы Устиновті "саяси тұтқын" деп танып, билікті оны босатуға шақырған. Актердің адвокаты Дмитрий Чешков Устиновтің кінәсі дәлелденбегенін айтады. "Видеода ешкімнің кенет ауырсынғаны көрінбейді. Ешкімнің иығы шығып кетпеген, бәрінің қолы сап-сау. Видеода арнайы жасақ сарбазы Устиновті ұрып жатыр" деді ол.

Ресей актерлері, режиссерлері мен қоғам белсенділері Устинов ісін "қолдан жасалған" деп атап, үкімнің күшін жоюды талап етті.

"Митингіде сарбазды жаралады" деп сотталған актер үкімі сынға қалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Устинов қалалық дума сайлауына тәуелсіз кандидаттарды жібермей қойған соң басталған наразылық акцияларының бірінде ұсталған. Тәуелсіз кандидаттар жұртты көшеге шығуға шақырып, бірнеше аптада ондаған мың азамат биліктен сайлауды әділ өткізуді талап еткен. Белсенділер дерегінше, полиция акциялар кезінде 2,5 мыңнан аса адамды ұстады. Кейбір оппозициялық саясаткерлер "митинг өткізу ережесін бұзды" деп айыпталып, бір айға қамалды. Халықаралық ұйымдар қалалық дума сайлауының әділ өтуін талап еткендерді ұстаған Ресей билігін сынаған.

Мәскеу қалалық дума сайлауы 8 қыркүйекте өтті. Сайлау қорытындысына сай, Путиннің "Единая Россия" партиясы қала думасынадғы мандатының үштен бірінен айырылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG