Accessibility links

Қошанов - президент әкімшілігінің жетекшісі, Көшербаев мемлекеттік хатшы болды


Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошанов.

Ерлан Қошанов Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалды. Бүгін, 18 қыркүйекте Ақорда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған қаулы жариялады. 57 жастағы Қошанов бұған дейін Қарағанды облысының әкімі болған.

Қазақстанда жыл басынан бері президент әкімшілігінің жетекшісі үшінші рет ауысып отыр.

2017 жылы Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалғанға дейін Қошанов бес жыл премьер-министр кеңсесін басқарған. 1990 жылдардың соңында ол сенат депутаты болған, көлік және коммуникация министрлігінде істеген және парламентте үкімет өкілі болып қызмет атқарған.

Қошанов үш ай бұрын, 28 маусымда президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалған Қырымбек Көшербаевтің орнына келді. Ақорда жариялаған тағы бір қаулыға сай, Көшербаев мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындалған. 64 жастағы Көшербаев 2006-2012 жылдары Маңғыстау облысының әкімі болған. 2011 жылы желтоқсанда Маңғыстау мұнайшыларының наразылығы күшпен басылған соң қызметінен кетті. Полиция Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Шетпе стансасындағы наразыларға оқ атқан. Ресми дерек бойынша, кем дегенде 17 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды.

Ақорда Көшербаевқа дейін хатшы болған Марат Тәжиннің "басқа қызметке ауысуына байланысты хатшылықтан босағанын" жазған. Оның қандай қызметке тағайындалғаны әзірге белгісіз. Тәжин де мемлекеттік хатшы қызметіне биыл тағайындалған еді. Тоқаев 24 наурызда Тәжинді мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындау туралы құжатқа қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG