Accessibility links

БАҚ: Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы келіссөздің алғашқы нәтижесі белгілі болды


Қырғызстан мен Тәжікстан премьер-министрлері шекарадағы жағдайды талқылап жатыр. 17 қыркүйек 2019 жыл.
Қырғызстан мен Тәжікстан премьер-министрлері шекарадағы жағдайды талқылап жатыр. 17 қыркүйек 2019 жыл.

"Қырғыз жағы бақылау мұнарасын алып тастайды, ал тәжік жағы мұндай мұнара салмайтын болып келісті" деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжал бойынша келіссөзде екі тараптың "белгілі бір мәселелер бойынша келісімге келгенін" тәжік делегациясының құрамында бар шенеуніктердің бірі айтқан.

"Екі тарап та "қырғыз жағы бақылау мұнарасын алып тастайды, ал тәжік жағы мұндай мұнара салмайды" деген ортақ мәмілеге келді. Бұған қоса, екі жақ бүгін (18 қыркүйек - ред.) кешкі сағат алтыға дейін шекарадан қосымша күш пен әскери техникасын алып кетуге келісті" делінген хабарламада.

Ал Қырғызстанның вице-премьері Жениш Разаков Азаттықтың Қырғыз қызметіне "келіссөз жалғасып жатыр, қандай да бір келісімге қол жеткіздік деп айту әзірге ерте" деп айтқан.

Екі ел делегациясы арасындағы келіссөз Тәжікстанның шекараға жақын Бахор ауданы Овчи-Калача елді мекенінде өтіп жатыр.

16 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында атыс болып, төрт адам: үш тәжік шекарашасы және бір қырғыз азаматы қаза тапқан. Бұған қоса, Қырғызстан жағынан 13 тұрғын жараланған. Он адам Бішкек ауруханасына жеткізілді. Қалған үш адам Баткен облысында емделіп жатыр. Тәжікстан жағы зардап шеккендер санына байланысты әзірге ресми ақпарат бермеді. Кейбір тәжік ақпарат құралдарының жазуынша, оқиға кезінде бес адам зардап шеккен.

Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы 976 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG