Ауғанстанның Забуль провинциясындағы Калат қаласында 19 қыркүйекте таңертең арнайы қызмет өкілдерінің ғимараты жанында мина қойылған көлік жарылып, кемінде 20 адам қаза тапты. Ондаған адам жараланды. Бұл ақпаратты AFP агенттігіне провинция губернаторы Рахматулла Ярмал хабарлады. Оның айтуынша, оқиға кесірінен қалалық аурухана ғимараты да бүлінген.
Жергілікті шенеуніктер сөзіне сүйенген Tolo News телеарнасының хабарлауынша, оқиға орнына жеткен жедел жәрдем көліктері жараланғандарды Кандагар провинциясындағы ауруханаға алып кеткен. Облыстық кеңес жетекшісі Атта Ян Хакбаянның айтуынша, зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары әлі жалғасып жатыр және қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.
"Талибан" террористік ұйымының өкілі Кари Юсуф Ахмади жарылысты "біз ұйымдастырдық" деп мойнына алды. Оның айтуынша, Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік басқармасы шабуыл нысаны болған.
Бұған дейін АҚШ "Талибан" қозғалысы өкілдерімен бірнеше айға созылған келіссөзді тоқтатқан. Бұл келіссөздің мақсаты Ауғанстандағы 18 жылға созылған соғысты тоқтату болған.
Ауғанстанда соңғы рет болған ірі екі шабуылдан кемінде 48 адам қаза тапты. "Талибан" қозғалысы шабуылдарды мойнына алды.
18 қыркүйекте "Талибан" өкілі тәліптердің "келіссөзді жалғастыруға дайын" екенін айтқан. Бұл ұйым атынан келіссөзге қатысқан адамдар осыған дейін Кабулдағы билік өкілдерін "Батыстың сөзін сөйлейтін қуыршақтар" деп атап, олармен тікелей келіссөз жүргізуден бас тартқан.
ПІКІРЛЕР