Алматыда "шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды" және "трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты" деп айыпталып, он жылға сотталған Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулуның үкімі бойынша апелляциялық сот отырысы жалғасып жатыр.
Бұған дейін экс-депутат пен осы іс бойынша сотталған 11 азаматтың адвокаттары апелляциялық инстанция аясында тергеу амалдарын жүргізу туралы сотқа өтініш түсірген еді.
Бүгін, 19 қыркүйекте сот алқасының төрайымы судья Бектемірова мен аппеляциялық алқа мүшелері судья Қарымсақов пен Әшірбековалар адвокаттардың бұл өтінішін қанағаттандырып, сот тергеуіне бірден кірісіп кетті.
Алғашқы болып жәбірленуші – Алматы қаласының кіріс департаментінің өкілі тыңдалды. Алғашқы инстанция "айыпталушылар әрекетінен Қазақстан экономикасына 99 миллион теңгеден аса залал келді" деп осы соманың өндірілуін талап еткен Алматы кіріс департаментінің шағымы жеке азаматтық істе қаралуы керек" деген қаулы шығарған.
Бүгін департамент өкілі бұл соманың жеке өндіріс емес, осы іс аясында қаралып, аталған соманы айыпталушылардан теңдей өндіріп беруін сұрады. Алайда адвокаттар жәбірленушінің бұл өтінішімен келіспей, соттың "Қазақстан ғана емес, ЕАЭО елдері де шығынға батты" деп шешім шығарғанын еске салып, Қазақстанға тиесілі бөлігін атауды сұрады. Ал департамент өкілі бұл сұраққа жауап бере алмады.
Адвокаттар сотта ЕАЭО елдерінің бюджетін қадағалайтын – Еуразиялық экономикалық комиссия бар екенін және егер залал көлемі 99 миллион теңге деп белгіленген күннің өзінде Қазақстанға тиесілі бөлігі бар-жоғы 7 пайызды құрайтыны, яғни айыпталушылардан 99 миллион теңге емес, 7 миллионнан аса соманы өндіру қажеттігін атап өтті. Департамент өкілі бұл мәселеге қатысты да нақты жауап бере алмады. Ол келесі сот отырысына қажетті есеп құжаттарын әкелетінін айтты. Адвокаттар бұған қоса департамент өкілінен әр эпизод бойынша қанша қаржы төленбей қалғаны туралы есеп беруін сұрады.
Судья да қорғау тарабының сөзін қостап "сотта кей адамдардың тауар тасымалдаған кезде болмағаны анықталған, сондықтан залалды барлық айыпталушылардан теңдей өтеуін қалай сұрауға болады?" деді.
Келесі отырыс 26 қыркүйекке белгіленді.
Биыл сәуір айында Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулун "контрабанда қылмысы" бойынша кінәлі деп тауып, он жылға соттаған. Сот бұған қоса, экс-депутатты жазасын өтеп шыққан соң елден шығарып, 5 жыл Қазақстанға кіруге тыйым салуды үкім еткен. Оның жазаны өтеу мерзімі қамауда алынған сәтінен - 2018 жылдың 15 ақпанынан бастап есепке алынады.
Асылбекуулымен бірге ұсталған 11 адамға шыққан сот үкімі мынадай:
•Есбол Жаппасов 14 жылға сотталды.
•Уланбек Мурадилов 10 жылға сотталды. Қазақстаннан шығарылып, елге кіруіне 5 жылға тыйым салынды.
•Шыңғыс Абакиров 10 жылға сотталды. Қазақстаннан шығарылып, елге кіруіне 5 жылға тыйым салынды.
•Мадияр Нұрманов 3 жылға сотталды.
•Мұхит Тыныбаев 3 жылға сотталды.
•Данияр Қожамқұлов 3 жылға сотталды.
•Нұрғали Әуелбеков 3 жылға сотталды.
•Досбол Жаппасов 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.
•Мұхит Қазақпай 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.
•Санжар Сәулембаев 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.
•Қуаныш Байгелов 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Қаралып жатқан аппеляциялық шағымды аталған азаматтардың алтауы - Есбол Жаппасов, Дамирбек Асылбекуулу, Уланбек Мурадилов, Шыңғыс Абакиров, Мадияр Нұрманов пен Нұрғали Әуелбековтер түсірген. Олар өздеріне қатысты шыққан үкімді жойып, өздерін ақтауды сұрайды.
ПІКІРЛЕР