Accessibility links

"Путинді аластап қумақ болған" саха бақсысына Якутияда "іздеу жарияланған"


Александр Габышев пен оның жақтастары.
Александр Габышев пен оның жақтастары.

Бурятия ішкі істер министрлігі президент Владимир Путинді "Кремльден аластамақ" болып, Мәскеуге қарай жаяу шыққан саха бақсысы Александр Габышевтің ұсталғанын, оның таяу арадағы рейспен Якутияға жіберілетінін хабарлады. Ведомство онда бақсыға іздеу жарияланғанын айтады. Габышевтің үстінен қандай баппен іс қозғалғанын министрлік жазбаған.

Бүгін, 19 қыркүйекте Габышевтің жоғалып кеткені хабарланған. Бақсының таныстарының Азаттыққа айтуынша, түнде Иркутск облысындағы Выдрино лагеріне бірнеше көлік келген. Маска киіп, қолына автомат пен резеңке таяқ ұстаған адамдар бақсыны қоршап алып, жерге жатқызып тексерген. Осыдан соң көлікке сүйреп апарып, отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен.

"Трассаны арнайы жасақ өкілдері қарумен қоршап алды" деді оқиға куәгерлерінің бірі.

Оқиға куәгерлерінің бірінің сөзіне сүйенген znak.com сайтының жазуынша, бақсыны полиция ұстап, оның үстінен "экстремистік қауымдастық ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған болуы мүмкін. Құқық қорғау органдарындағы құпия дерек көзіне сүйенген журналист Борис Ветров та бақсының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жазады.

Бурятия полициясы басында "оның ұсталуына" еш қатысы жоғын айтқан еді, кейінірек 1958 жылы туған ер адамды ұстағанын растады. Сибирь.Реалии жазуынша, полиция Александр Габышевті айтып отыр. Ведомство дерегінше, "Саха республикасы аумағында қылмыс жасағаны үшін оған іздеу жарияланған".

Саха бақсысы Александр Габышев төрт айдан бері Қиыр Шығыстан Мәскеуге қарай жол жүріп келеді. Оның пікірінше, "Ресей президенті қара күштен жаралған және онымен тек бақсы ғана күресе алады". Осыған дейін 2 мың шақырымға жуық жер жүрген Габышев жолшыбай жүздеген жүргізушімен сөйлесіп, оның үгіт-насихаты видеосы интернетте миллион рет көрілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG