Бүгін, 19 қыркүйекте Алматыдағы Тәуелсіздік монументі алдында белсенді Кәмила Шоқанова "бірнеше саяси талаппен" бір адамдық пикет өткізді. Бұл туралы Vlast.kz сайты хабарлады. Белсенді Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалы мен "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы басшысы, 10 жылдан аса уақыттан бері қамауда отырған Мұхтар Жәкішевті соттың шартпен босатпағаны жайлы, 2011 жылы Жаңаөзенде наразыларға оқ атылуын айтқан.
Сайттың жазуынша, акциядан бұрын және акция кезінде Шоқановаға өзін әкімдік қызметкерімін деп таныстырған азамат қайырылған. Бірақ белсенді онымен сөйлесуден бас тартқан.
9 шілдеде Шоқанова Алматы әкімдігі алдында акция өткізіп, Қазақстан сенатының спикері, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін талап еткен. Белсенді Кәмила Шоқанованы шілдедегі акция кезінде полиция ұстап әкеткен.
Vlast.kz "Бұл жолы белсендіні полиция ұстамады" деп жазады.
24 шілдеде Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан 56 жастағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. 10 қыркүйекте Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық соты түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевтің апелляциялық шағымын қарап, қалалық сот шешімін күшінде қалдырды.
Оқи отырыңыз: Мұхтар Жәкішев ісі. 15 дерек
2019 жылы наурызда Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына сол кездегі сенат спикері Тоқаевты қойған. Ал Тоқаевтың орнына сенат спикері болып Дариға Назарбаева тағайындалған. Биыл тамызда Тоқаев Назарбаеваны қайта сенат депутаты етіп сайлады.
Қазақстан "Шекарасыз тілшілер" баспасөз еркіндігі рейтингінде 180 елдің ішінде 158-орында тұр.
2011 жылы желтоқсанда Маңғыстау мұнайшыларының наразылығы күшпен басылған соң қызметінен кетті. Полиция Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Шетпе стансасындағы наразыларға оқ атқан. Ресми дерек бойынша, кем дегенде 17 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды.
ПІКІРЛЕР