АҚШ президенті Дональд Трамп келесі аптада Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездеседі. Бұған дейін АҚШ конгресінің өкілдер палатасы "Трамп Украина басшысына қысым жасамақ болды" деген ақпараттың рас-өтірігін анықтай бастады деген хабарлама тараған.
Трамп пен Зеленский 25 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Бас ассамблеясы сессиясы барысында кездеседі деп хабарлады жұма, 20 қыркүйекте Ақ үйдің жоғары лауазымды шенеунігі. Зеленский кеңсесі де кездесуге дайындық жасалып жатқанын растады.
АҚШ президенті Нью-Йорктегі сессия барысында өзге ел басшыларымен де екіжақты кездесу өткізбек. Оның Пәкістан премьер-министрі Имран Хан және Польша президенті Анджей Дудамен кездесетіні де хабарланды.
АҚШ пен Украина басшылары энергетика саласындағы әріптестікті талқылайды. Ақ үй өкілінің хабарлауынша, бұған қоса АҚШ "Қытай Украинаның зияткерлік меншігін ұрлауға талпынды" деген хабарламаға алаңдап отыр. Тамыз айында Трамптың сол кездегі ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон қытайлық компаниялар Украинаның қорғаныс саласындағы ірі кәсіпорындарының бірі "Мотор Сичті" сатып алмақ деген ақпаратқа алаңдаушылық білдірген.
Трамп пен Зеленский кездесуде бұған қоса, Украина шығысындағы жағдайды реттеу мәселелерін талқыламақ.
ПІКІРЛЕР