Accessibility links

"Митингі" алдында қауіпсіздік шаралары күшейтілді


Полицейлер мен автобустар. Қазақ-Британ техникалық университетінің арты. Алматы, Астана алаңы. 21 қыркүйек, 2019 жыл.
Полицейлер мен автобустар. Қазақ-Британ техникалық университетінің арты. Алматы, Астана алаңы. 21 қыркүйек, 2019 жыл.

21 қыркүйекте таңертең Алматыдағы Астана алаңы аумағындағы бірнеше көше бақылауға алынып, Қазақ-Британ техникалық университетінің арты автобустар мен автозакқа толды. Олардың саны отыздан асады. Бұл ақпаратты оқиға орнында болған Азаттық тілшісі хабарлады.

Мұнда ондаған полиция қызметкерлерінен бөлек, Ұлттық ұлан әскерлері де жүр. Әлия мен Мәншүк ескерткіші орналасқан Астана алаңына жақын саябақ та қоршалған.

Саябақты күзетіп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Саябақты күзетіп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.

"Бұл - тұрақты түрде өткізетін инструктажымыз" деді Азаттыққа "оқиғаның мәнін" түсіндірген Алматы қалалық полиция департаментінің өкілі, майор Ерік Қуанышбаев. Кейбір қолданушылар да осыған байланысты көрген-білгендерін Twitter-де жазып жатыр.

Бүгін Ақтөбедегі орталық базар маңында да күшейтілген тәртіп байқалды. Полицейлер орталық базарға апаратын Уәлиханов-Шернияз көшелерінің қиылысын жапқан. Кейбір тұрғындар мұндай "қарбаластың" таңғы 3-те басталғанын айтады.

- Таңғы намазға тұрғанымда базарға түрлі техникаларды әкеп жатты, - дейді сол маңда тұратын тұрғындардың бірі Қанат есімді азамат.

Полиция орталық базар бағытындағы көшені жауып тұр. Ақтөбе. 21 қыркүйек, 2019 жыл.
Полиция орталық базар бағытындағы көшені жауып тұр. Ақтөбе. 21 қыркүйек, 2019 жыл.

Күзет облыстық, қала әкімдігі маңында да күшейген. Ахтанов көшесіндегі қала әкімдігі жанында бірнеше полиция көлігі тұр. Орталық базардың жабылу себебін әкімдік "өрттің алдын алуды көздейтін жаттығу өтетінімен" түсіндірді.

Шымкентте де Ордабасы алаңы мен Тәуелсіздік паркіне баратын жерді полиция жауып тастады.

Бұған дейін өзін билік оппоненті ретінде атайтын, шетелде жүрген қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 21 қыркүйекте жақтастарын көшеге шығуға шақырған. Қазақстанның бас прокуратурасы "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" екенін ескертіп, митингіге шыққан азаматтардың "жазаланатынын" хабарлады. Осы апта басынан бері республиканың түкпір-түкпірінде 50-ге тарта белсендіні полиция шақырып, 35-тен астам белсенді әкімшілік жазаға тартылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG