21 қыркүйекте Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте "рұқсат етілмеген митингі" орындарында полиция ондаған азаматты ұстады.
Шымкентте белгісіз екі адам оқиға орнынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Дилара Исаның жұмысына кедергі жасап, журналистің камерасын қолшатырмен жабуға тырысты. Шымкентте полиция бүгін жиырмадан астам адамды ұстаған. Олардың арасында кәмелетке толмаған бір бала да болған.
Азаттық журналистерінің кәсіби міндетін атқаруына кедергі жасау оқиғалары алғаш рет болып отырған жоқ. 6 шілде - астана күнгі наразылық кезінде Нұр-Сұлтанда белгісіз біреулер Азаттық тілшілеріне газ шашып, маска киген адамдар журналистер жұмысына бөгет жасаған. Осы күні Шымкентте де маска киіп, қара көзілдірік таққан, қолында қара қолшатыры бар адамдар Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтіріп, полиция әрекетін түсіртпеуге тырысты.
Шілденің соңында журналистер сұрағына берген жауабында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Азаттық қызметкерлеріне қарсы әрекеттерді жоққа шығаруға тырысты.
Қазақстан қылмыстық кодексінде журналистер жұмысына кедергі келтіргені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. "Әділ сөз" қоғамдық қорының мәліметінше, соңғы 19 жылда елде журналистер жұмысына кедергі жасаған 820 оқиға тіркелген. Мемлекеттік органдарға ондаған өтініш берілгенімен, кінәлілерден тек санаулы адам ғана жауапқа тартылған. Тек бір ғана іс бойынша сот БАҚ пайдасына шешім шығарған деп хабарлайды "Әділ сөз".
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша түзген баспасөз бостандығы тізімінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында өткен жылғы көрсеткіштен бір орынға төмендеп, 158-ші боп тұр.
ПІКІРЛЕР