Пекинде мемлекеттік басылымдарда жұмыс істейтін журналистер марксизм-ленинизм мен Си Цзиньпин еңбектері бойынша емтихан тапсырмақ. Емтиханға шамамен он мың журналист қатысады.
Емтиханнан құлап қалған адамдар бұл кәсіппен айналыса алмайды деп хабарлады Гонконгта шығатын South China Morning басылымы. Газет коммунистік партияның баспасөзді бақылау комитетінің хабарламасына сүйенген.
Емтихан тапсыру журналистік жаңа куәлік алудың шарты болмақ. Журналистерге емтиханнан өтуге екі рет мүмкіндік беріледі. Олар тестілеуге арнайы қосымша арқылы дайындалады. 23 қыркүйекте қосымшаға емтихан үлгілері жүктелмек.
Газеттің жазуынша, емтихан "журналистердің партия жетекшісіне деген адалдығын" сынамақ. Бес бөлімнен құралған тестілеу сұрақтарының екі бөлімі Си Цзиньпин еңбектеріне арналады. Тексеру қаңтар айында компартияның үгіт-насихат бөлімі іске қосқан қосымша көмегімен жүргізіледі. Бұл қосымшаға Си Цзиньпиннің айтқан барлық сөздері жинақталған. Оны үнемі Мао Цзэдуннің 1966 жылы алғаш жарық көрген қанатты сөздер жинағымен салыстырады.
Пекиндік журналистерді тексергеннен кейін аймақтағы тілшілер емтихан тапсырады.
Сарапшылар Қытайда жеке басқа табынушылық өрістеп келе жатқанын айтады. 2018 жылы конституцияға Си Цзиньпиннің екі мерзімнен де артық сайлануына мүмкіндік беретін түзету енгізілген.
ПІКІРЛЕР