Accessibility links

Роскосмос Байқоңырдан "Протон-М" зымыранын ұшыруды кейінге қалдырды


"Байқоңырдан" ғарыш айлағынан көтерілген "Протон-М" зымыраны. Көрнекі сурет.

Роскосмос Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыранын ұшыруды уақытша тоқтатқан. Оған «зымыранның екпіндеткіш блогын басқару жүйесін қосымша сынақтан өткізу қажеттілігі» себеп болған. Бұл ақпаратты Роскосмос мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі таратты.

Зымыран қыркүйектің 30-ына еуропалық Eutelsat 5 West B және америкалық Mission Extension Vehicle-1 технологиялық аппаратын орбитаға алып шығуы тиіс болған. Бұл жолы орбитаға 16 сағатта шығап, ұзақтығы жөнінен рекорд жасайды деп болжанған.

Роскосмос биыл шілдеде де «Спектр-РГ» ғарыш обсерваториясын орбитаға жеткізетін «Протон-М» зымыранын ұшыруды екі рет кейінге қалдырып, үшінші жолы ғана сәтін түсірген.

«Протон-М» зымыраны 2019 жылы үш рет ұшырылған, жыл соңына дейін тағы да үш рет ұшыру көзделген. «Протон-М» зымыранын ұшырумен Ресейдің Хруничев атындағы орталығы International Launch Services компаниясымен келісімшарт бойынша айналысады.

Соңғы бірнеше жылда «Протон-М» зымыраны ірі апаттарға ұшыраған. 2013 жылы жазда «Байқоңыр» ғарыш айлағынан көтеріле бере құлап, шамамен 200 тонна гептил мен 400 тонна амил төгілген. Ғарыш айлағына жақын жердегі Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғындары зиянды гептил "бұлтына" куә болған.

Қазақстан «Протон-М» апаты зардабын есебін Ресейге жіберген. Апаттан екі күн өткенде Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттігінің басшысы Владимир Поповкин «зымыран тасығыш құлаған жер экологиялық тұрғыдан қауіпсіз» деп мәлімдеген.

Апаттан кейінгі қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап етіп бірнеше акция өткізді.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап, 2050 жылға дейін жылына 115 миллион долларға жалға алған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG