Accessibility links

Зеленский БҰҰ жиынында әлем елдерін Украинаны қолдауға шақырды


Украина президенті Владимир Зеленский Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп тұр. 25 қыркүйек 2019 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп тұр. 25 қыркүйек 2019 жыл.

25 қыркүйекте Украина президенті Владимир Зеленский Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп, халықаралық қауымдастықты Ресей агрессиясымен күресіп жатқан Украинаны қолдауға шақырды. Ол БҰҰ мінберіне мылтықтың оғын алып шығып, оның бағасы 10 доллар екенін айтты.

«Бұл сома адам өмірінің құнына айналды» деді Украина президенті.

Зеленскийдің сөзінше, Украинаның шығысында болып жатқан соғыс бүкіл әлем назар аударуы тиіс. Ол БҰҰ мінберінде Донбастағы қақтығыс құрбандары, украиналық әскерилер мен бейбіт тұрғындардың өлімі және Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанын сөз етті.

«Президент ретінде мақсатым – Украинаға тиесілі жердің бәрін қайтару. Еуропаның дәл ортасында соғыс жүргізіп жатқанда, «мұның бізге қатысы жоқ» деп қарап отыруға болмайды. Бұған дейін болған екі дүниежүзілік соғыс осылай басталған» деді ол.

Зеленский әлем лидерлерінен өз елінің тыныштығын ғана емес, жер бетіндегі бейбітшілікті ойлауға шақырды.

«Жер планетасындағы ендігі өмір бізге байланысты. Біз агрессия мен жек көруден ада жаңа әлем үшін күресуіміз керек» деді ол.

2014 жылы наурызда Ресей Украинаның Қырым аймағын аннексиялап алған еді. Халықаралық ұйымдар Ресейдің бұл әрекетін заңсыз деп сынаған. Батыс елдері Қырым аннексиясынан кейін Ресейге санкция салған. Мәскеу Қырымды аннексиялап алғанын жоққа шығарады және мұны «тарихи әділдіктің орнауы» деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG