Accessibility links

Тоқаев пен Трамп Нью-Йоркте қысқа кездесу өткізді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әйелі Мелания Трамп. Нью-Йорк, 25 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әйелі Мелания Трамп. Нью-Йорк, 25 қыркүйек 2019 жыл.

БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясы барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекте Нью-Йоркте АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Бұл - екі ел басшыларының алғашқы кездесуі. Ақорданың хабарлауынша, кездесу ұзаққа созылмаған.

Екі ел басшылары "Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды мәселелері мен болашағын" талқылаған.

"Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы жан-жақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуды жалғастыра беретінін атап өтті" деп жазды Ақорда сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысып, түрлі ел басшыларымен кездесу өткізген тұста FreeKazakhs (Еркін қазақтар) ұйымы өкілдері БҰҰ ғимараты алдында шеру өткізіп, Қазақстандағы "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен. Олар "Қытай экспансиясына" қарсы шеруге шыққандарды жазалауды тоқтатуға шақырып, Шыңжаңда қысым көріп отырған этникалық қазақтар мәселесін да қозғаған еді.

Кей сарапшылардың айтуынша, Орталық Азияда АҚШ ықпалы Қытай мен Ресей сияқты аса күшті емес. Бірақ соған қарамастан АҚШ Орталық Азия елдерімен аймақ қауіпсіздігі, терроризм мен экстремизм, есірткіге қарсы күрес және өзге салаларда әріптестік орнатып келеді.

АҚШ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 37 пайызға ұлғайып, 2,24 миллиард долларға жеткен.

Оқи отырыңыз: АҚШ-тың Орталық Азиядағы мүддесі қандай?

Бұл - Тоқаевтың президент ретіндегі АҚШ-қа алғашқы сапары. Ол бұрын БҰҰ бас хатшысының орынбасары болып істеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG