Accessibility links

5 елден дайындық курсына келген қазақ жастары комиссия шешіміне наразы


"Нұр Отан" партиясының залында отырған наразы жастар. Нұр-Сұлтан, 26 қыркүйек 2019 жыл.
"Нұр Отан" партиясының залында отырған наразы жастар. Нұр-Сұлтан, 26 қыркүйек 2019 жыл.

Моңғолия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстаннан Қазақстанға келіп, дайындық курсына түскен студенттер білім гранттарын бөлу комиссиясының шешіміне наразылық білдірді. Олар 26 қыркүйекте "Нұр Отан" партиясының кеңсесіне барып, мәселеге араласуды сұрады.

Студенттер дайындық курсына қабылдау емтиханының шешіміне келіскісі келмейді. Олардың айтуынша, Гумилев атындағы Еуразия университетінің "жоғары балл жинағандарды бірінші кезекте қабылдаймыз" деген уәдесі орындалмаған. Төмен балл жинағандардың кейбірі Еуразия университетінің дайындық бөліміне түссе, жоғары балл жинағандардың кейбірі облыс орталықтарына жіберілген".

Білім және ғылым министрлігінің өкілі Айгүл Жұмабекова Моңғолиядан келген студент Аймөлдір Білімханқызын жұбатуға тырысып жатыр. Нұр-Сұлтан, 26 қыркүйек 2019 жыл.
Білім және ғылым министрлігінің өкілі Айгүл Жұмабекова Моңғолиядан келген студент Аймөлдір Білімханқызын жұбатуға тырысып жатыр. Нұр-Сұлтан, 26 қыркүйек 2019 жыл.

- 15 балл жинасам да Еуразия университетіне ілінбедім, ал менен төмен балл жинағандардың кейбірін осы университетке қалдырып, мені Қарағанды университетіне жіберді. Біз "8 балл алғандарды қабылдама демейміз, бәрімізді қабылдаңыздар" деп тұрмыз. Біздің Қарағандыда тұратын жеріміз де, онда баратын ақшамыз да жоқ. Емтихан нәтижесі шыққан соң бізді жатақханадан қуады. Оның үстіне, астанада оқығымыз келеді,-дейді Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан келген Аймөлдір Білімхан.

"Отандастар" қорының өкілі Бақыт Сарайқызының айтуынша, Еуразия университетіне қабылданғандар арасында емтихан тапсырмаған "бөтен екі студент" те болғанға ұқсайды. Оның мәліметінше, биыл университет бойынша дайындық курсына 396 талапкер тіркелген. Оның 310-ы емтихан тапсырған. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басында 100 квота бөлген, бірақ "Отандастар" қорының өтінішімен квота санын 140-қа жеткізген.

- Еуразия университеті қанша студент болса да қабылдай аламыз деген. Ендеше барлық студентті неге қабылдамасқа? "Өздері шақырып алып, жағдайын жасай алмай отыр,- дейді Бақыт Сарайқызы Азаттық тілшісіне.

Еуразия ұлттық университеті халықаралық байланыс департаментінің Абай есімді қызметкері "студенттердің шағымынан хабардар екенін, бірақ мәселені университет шешпейтінін" айтты.

- Комиссияны білім және ғылым министрлігі бекітеді. Біз комиссиядан өткен студенттерді ғана қабылдаймыз. Министрлік шешіміне қарсы шыға алмаймыз. Қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз,-деді ол.

Білім және ғылым министрлігінің өкілі Айгүл Жұмабекованың айтуынша, биыл республика бойынша дайындық курсына 1000 орын бөлінген.

- Биыл әр талапкер үш жоғары оқу орнын таңдады. Бәрі сол бойынша шешілді. Мысалы, бір оқу орнына жүз орын бөлінсе, орын жетпей қалғандар басқа жоғары оқу орнына кетеді. 85 бала тек осы университетті таңдаған. Сол себепті оларды осы оқу орнында қалдырдық,- деп жауап берді.

Ресми дерек бойынша, шетелдегі этникалық қазақ жастарына арнап дайындық курсынан жыл сайын 1200-1400 орын бөлінеді. Дайындық курсына биылғы емтихан 13 қыркүйекте өткен, комиссия шешімі 25 қыркүйекте шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG