Accessibility links

Полиция басшысы ұлының қазасынан кейін қамалған дәрігерлерді қолхатпен босатты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

25 қыркүйекте кешке Алматы қалалық тергеу изоляторынан полиция бастығы ұлының қазасына байланысты күдікке ілінген дәрігерлер "ешқайда кетпеу" туралы қолхатпен босатылған. Күдікті саналғандардың туыстары мен әріптестері бұған дейін биліктен көмек сұраған.

№4 қалалық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Асқар Тұңғышбаевты полиция қыркүйек айының басында "кәсіби міндетін дұрыс атқармады" деген күдікпен қамауға алған. Оның әріптесі осы аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев та осыған ұқсас күдікке ілінген.

Қамалғандардың туыстары мен әріптестері дәрігерлердің Нұрсұлтан Күдебаевтың өліміне қатысы жоғын айтып, биліктен араша сұраған. Қасым-Жомарт Тоқаев билік орындарына істі бақылауды тапсырған.

Алматы соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, экономикалық тергеу департаменті сотқа "күдіктілерді ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуды" өтінген.

Асқар Тұңғышбаевтың адвокаты Нұрхан Амангелді 26 қыркүйекте Тengrinews сайтына бұған дейін "бұлтартпас шарасын" өзгерту туралы сотқа өтініш түсіргенін растаған.

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаевтың ұлы, Алатау ауданы прокурорының орынбасары болған 29 жастағы Нұрсұлтан Күдебаев тамыз айының соңында Германия ауруханасында қайтыс болған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, шетелге емдеуге жіберілмес бұрын Алматыдағы №4 ауруханада операция жасалған. Ол квадроцикл айдап жүрген кезде құлап, ауруханаға түскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG