Accessibility links

Бақсының "Кремль жорығына" қатысқан адамды Қазақстанға депортациялағаны хабарланды


Саха бақсысы мен оны қолдаушылар
Саха бақсысы мен оны қолдаушылар

"Путинді Кремльден аластауға" аттанып, жолай қамауға алынған саха бақсысы Александр Габышев тобында болған адамның бірін Қазақстанға депортациялады" деп хабарлады ресейлік "ОВД-Инфо" құқық қорғау тобы.

Ақпарат бойынша, "құжаттары дұрыс емес" 58 жастағы Валентин Викторович Ермаков Қазақстан азаматы болып шыққан. Полиция оны 24 қыркүйекте ұстаған, Иркутск соты 2000 рубль айыппұл салып, Ресей аумағынан шығару жайлы шешім шығарған.

Интернетте тараған видеода "бақсы тобында болған" Валентин Ермаков "полиция ұстап, әкімшілік жазаға тартқанын, депортациялап жатқанын" баяндайды. Видео мазмұнына қарағанда, ол Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында тұруы мүмкін.

Қазақстанның ресми орындары әзірге жауап берген жоқ.

Саха бақсысы Александр Габышев наурыз айында "Путинді Кремльден аластау үшін" Мәскеуге жаяу шыққан еді. Оны полиция Бурятия мен Иркутск облысының шекарасы маңында 19 қыркүйекте алып кеткен.

20 қыркүйекте Якутск қаласына әкеліп, кейіннен психиатриялық тексеруге жіберген. Оның үстінен "экстремизм" бойынша қылмыстық іс қозғап, ешқайда кетпеу туралы қолхат алған. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін Габышевтің ұсталуына "Кремльдің еш қатысы жоғын" айтқан еді.

Габышевтен кейін "жол ережесін бұзды" деген айыппен полиция бақсы тобының алты мүшесін, "төбелеске байланысты" төрт мүшесін ұстап, кейіннен босатқан.

Габышевтің "Кремльге жорығын" жалғастырмақ болған жақтастары 25 қыркүйекте "ФСБ-дан қысым көргенін" айтып, отрядты таратып, сапарды аяқтауға мәжбүр болғанын хабарлады.

Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы саха бақсысын "ар-ұждан тұтқыны" деп атап, босатуды талап етті. Ұйымның Мәскеудегі өкілдігі биліктің реакциясын "абсурд" деп атап, кез келген азамат сияқты Габышевтің де саяси көзқарасын айтып, діни рәсім орындауына құқығы бар деп санайтынын білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG