Accessibility links

Шымкенттегі аудандық сот митинг жайлы биліктің қаулысын заңсыз деп таныды


Шымкент қаласы Қаратау аудандық соты алдында тұрған белсенділер. Шымкент, 1 қазан 2019 жыл.
Шымкент қаласы Қаратау аудандық соты алдында тұрған белсенділер. Шымкент, 1 қазан 2019 жыл.

Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты белсенділердің митинг өткізу туралы өтінішіне рұқсат етпеген әкімдік қаулысын заңсыз деп таныды.

Қаратау аудандық сотының бұл шешімі әкімдік үстінен арызданған белсенділер Ерғали Құлбаев, Нұржан Мұхамедов пен Данияр Байтілеудің шағымы бойынша өткен сот отырысынан кейін шықты.

Сонымен қатар, сот отырысына қатысуға міндетттелсе де келмеген Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы орынбасары Гүлнұр Асылбекова жайлы жеке ұйғарым шығарып, қала әкімінен тиісті шара қолданғаны туралы бір ай ішінде сотқа хабарлауды тапсырды.

Сот шешіміне байланысты әкімдік өкілі қандай да бір пікір айтудан бас тартты. Шағымданушылардың бірі, белсенді Данияр Байтілеу «заңсыз қаулы шығарған лауазымды қызметкерге де шара қолданылуы керек» деп санайды.

Шымкент белсенділері тамыз айынан бері митинг өткізуге әкімдіктен үш рет рұқсат ала алмаған. Оған қарамастан 25 тамызда «Қазақстандағы саяси тұтқындарды» босатуды, 30 тамызда Конституцияны өзгертуді талап етіп, акция өткізген. Оларға ешкім кедергі келтірмеген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 2 қыркүйекте халыққа жолдауында «елдің шырқын бұзуды көздемейтін акцияларға рұқсат беріп, арнайы орын бөлу қажеттігін» айтқан.

Соңғы бірнеше айда кейбір акциялар мен жалғыз адамдық пикеттерге құқық қорғау органдарының қызметкерлері кедергі жасамағаны байқалған. 21 қыркүйекте Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық қозғалысы» өткізеді деп болжанған митингіге жинала бастағандарды полиция әкеткен. Қазақстанда барлығы жүзге жуық адамды ұстап, тоғыз адамды қамауға алған.

Қазақстан заңына сай, азаматтар бейбіт митинг, наразылық шарасын өткізу үшін жергілікті әкімдіктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті билік митинг өткізуге арнайы орын бөледі. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның бейбіт жиын, митинг өткізу заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп сынайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG